Теміржол машина жасау өндірісі 22,5 пайызға өсті — Ерсайын Нағаспаев

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылы Қазақстандағы теміржол машина жасау өндірісі 22,5 пайызға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

Теміржол жолаушылар тасымалын дамыту: жаңа вагондардан цифрландыруға дейін
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

— Теміржол машина жасау — отандық машина жасау саласының жетекші бағыттарының бірі. Бүгінде оның машина жасау өнеркәсібіндегі үлесі 13 пайызды құрайды. Салада 60 кәсіпорын жұмыс істейді, онда 8 мыңнан астам адам еңбек етеді, — деді министр.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда вагон паркін жаңарту бағдарламалары аясында салаға инвестиция көлемі артқан.

— Нәтижесінде Wabtec, Alstom және Stadler секілді әлемдік жетекші компаниялар Қазақстанда өндірісін жолға қойды. Жекелеген өнім түрлері бойынша жергіліктендіру деңгейі 35-40 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыс отандық кәсіпорындармен әріптестікті кеңейту, жаңа қосалқы бөлшектер өндірісін игеру және бірлескен жобаларды дамыту арқылы жалғасып жатыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің мәліметінше, биылғы бес айда вагондардың барлық түрі бойынша өсім сақталған.

— Өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кемінде 9 пайызға өсті. Кей өнім түрлері бойынша көрсеткіш 1,7 есеге артты. Тек локомотив өндірісі 17,5 пайызға төмендеді, — деді ол.

Соған қарамастан, жыл қорытындысында сала өткен жылғы деңгейін сақтап, басқа өнім түрлерінің есебінен аздаған өсім көрсетуі мүмкін.

— Саланың дамуына соңғы жылдары іске асырылған ірі инвестициялық жобалар айтарлықтай серпін берді, — деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, 2030 жылға дейін жолаушылар вагондары 90 пайызға дейін жаңарады