Алдағы жылдары жолаушылар вагондары 90 пайызға дейін жаңарады
АСТАНА. KAZINFORM – Жүк вагондарының саны 150 мыңға жуықтады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.
- Қазақстанда жүк вагондары нарығы толықтай бәсекелестік ортада. Парк саны шамамен 147 мың вагонды құрады. Оның көп бөлігі жекеменшік операторларда. Тасымалдау тиімділігін арттыру мақсатында жаңарту жұмыстары жалғасып келеді, - деді Н. Сауранбаев.
Сонымен қатар жолаушылар вагондарын жаңарту жұмыстары іске асып жатыр. Соңғы жылдары 650-ден астам вагон жаңартылды.
- Ал 2030 жылға қарай жаңарту деңгейін 90 пайызға дейін жеткізу ескерілген. Негізгі мақсат – жолаушыларды қауіпсіз әрі жайлы теміржол көлігімен қамтамасыз ету, - деді министр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын.