Теннис: Зарина Дияс Аустралия чемпионатының алғашқы айналымынан аса алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымында сербиялық Александра Круничпен кортқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Крунич әлемнің 61-ракеткасы болғанымен, З.Дияс (рейтингте 95-сатыда) бұған дейінгі өзара екі кездесуде де жеңіске жеткен. Екеуі де - бір жылдың төлі, биыл 26-ға толады.

Бірінші сетте қазақстандық теннисші ойын тізгінін өз қолына алып, 6:3 есебімен басымдылық көрсетті.

Екінші партия әлдеқайда тартысты өрбіді. Есеп 5:4 болған мезетте З.Дияс матчқа доп бергенімен, өкінішке қарай, ол мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан кейін үш геймді қатарынан алған А.Крунич 7:5 есебімен есе қайырды.

Үшінші, шешуші сетте тағы үш геймді өз пайдасына жазған сербиялық теннисші 3:0 есебімен алға шықты. Аса тартысты геймде тағы бір брейк жасаған А.Крунич есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры матчқа доп бергендегі мүмкіндігін жіберген жоқ - 6:1.

Бәсеке 2 сағатқа жуық уақытқа созылды.

А.Крунич екінші айналымда бастапқы кездесуінде франциялық Фиона Ферроны 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктірген әлемнің 21-ракеткасы, қытайлық Ван Цянмен шеберлік байқасады.

З.Дияс өткен жылы да Аустралия ашық біріншілігінің алғашқы айналымынан аса алмаған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцеваның Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз. Ол екінші айналымда рейтингте 49-орындағы швейцариялық Белинда Бенчичпен шеберлік байқасады.

Ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Михаил Кукушкин бүгін франциялық, рейтингте 31-сатыдағы Лукас Пуильмен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар