Теннистегі ең биік шыңдарды бағындырғым келеді — Заңғар Нұрланұлы
АСТАНА. KAZINFORM – Жуырда 17 жастағы Заңғар Нұрланұлының жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жеткені белгілі. Осыған орай Kazinform тілшісі жас теннисшіге бірнеше сауал қойған еді.
— Заңғар Нұрланұлы, жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан алғаш рет АҚШ және Аустралия чемпионатының жартылай финалына шықтың. Бұл табысқа қалай жеттім деп ойлайсың?
— Бұл тарихи жетістік оңайлықпен келген жоқ. Өткен жылдың желтоқсан айын жаттығумен өткіздім. Осы жасөспірімдер арасындағы Аустралия ашық чемпионатына дайындалдым. Сосын қос бапкерім, әкем — бәріміз қаңтардың 3-і күні Аустралияға келдік. Осында дайындық жұмыстарын жүргіздік. Жергілікті ауа райына бейімделдік. Тралалгон қаласында ITF Juniors J300 турнирінің ширек финалына дейін жеттім.
Әттең, Аустралия чемпионатының ширек финалында алған аз-кем жарақатым кедергі болды. Жартылай финалмен арада бір күн демалыс болғанда ғой, қалпыма келер едім. Жартылай финалдағы қарсыласым, америкалық теннисшіні (Китон Ханс) 14 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында ұтқанмын. Осы Аустралия чемпионатында жеңімпаз атанған словениялық Зиго Шешконы да 14 жасқа дейінгілер арасында Еуропадағы талай жарыста жеңіп жүрдім.
— Алғаш ракетка ұстаған күнің есіңде ме, кімді ұстазым деп есептейсің?
— Әрине, есімде. Мені тенниске әкем төрт жасымда алып келді. Сондықтан бірінші бапкерім де — әкем.
— Теннистегі кумирің кім?
— Өз басым Новак Джокович, Янник Синнер, Александр Бублик ойындарын тамашалауды ұнатамын.
— Аустралия ашық чемпионатының ширек финалында Гонконг өкілі Кай Томпсонмен ойында жарақат алып қалдың. Соған қарамастан, жеңіске жеттің. Қазір қалпыңа келдің бе?
— Ол ойын маған оңай болмады, үшінші сетте аяғым құрысып қалды. Тіпті тұрудың өзі қиынға соқты. Дегенмен мен барымды салдым. Өйткені артымда маған үкілеп үміт артқан халқым тұрғанын түсіндім. Елдің сенімін ақтауым керек еді. Аренада көк туымызды желбіретіп ұстаған көрермендер болды, олар да маған күш, рух берді.
— Сені қазірдің өзінде қазақтың Алькарасы деп жатыр. Бұған қалай қарайсың?
— Шынымды айтсам, маған теңеулер ұнамайды. Менің өз дара жолым бар. Бірте-бірте алға қадам басып, өз арман-мақсатыңа жетесің деп әкем айтады.
— Көп ұзамай 18 жасқа толасың. Биыл алда қандай жарыстар бар? Ересектер арасына өту де оңай емес қой?
— Биыл жасөспірімдер арасында Аустралия чемпионатынан кейін қалған үш «Үлкен дулыға» турнирінде өнер көрсетемін. Содан кейін қалғандарының бәрі — ересектер арасындағы жарыстар. Атап айтқанда, ITF және ATP Challenger додаларында бақ сынаймын. Қысқасы, жұмыс көп алда.
— Өмірдегі басты арман-мақсаттарың қандай?
— Ең бастысы, әке-шешем, туыстарымның дендері сау, бастары аман болсын. Басты арманым — теннистің ең биік шыңдарын бағындыру, көк туымызды желбірету. Мен Қазақстанымды қатты жақсы көремін, халқым өте адал. Бәріміз аман болсақ, еліміз тыныш болса деймін, одан басқа тілегім жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының алғаш рет жартылай финалға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы әлемдік рейтингіде ТОП-10-ға кірді.