Теңіз кен орнында 6800-ге жуық азамат дауыс бере алады
АТЫРАУ. KAZINFORM– Теңіз кен орнында жұмыс істейтін қызметкерлер Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, дауыс беруде. Кен орнында жүрген 6800-ге жуық қызметкердің сайлауға қатысуы күтілуде.
Дауыс беруді ұйымдастыру үшін алты локацияда сегіз сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. «Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, қызметкерлер жұмыс кестесіне қарай күні бойы дауыс бере алады.
Сайлау учаскелеріне қатынау үшін арнайы көлік ұйымдастырылған. Автобустар өндірістік нысандар мен дауыс беру орындары арасында қатынап, қызметкерлерді учаскелерге жеткізіп, кейін жұмыс орнына қайта апарады.
— Бүгін біз жұмыс ауысымындамыз, сондықтан тұрғылықты жеріміз бойынша дауыс бере алмаймыз. Сайлау учаскелерінің тікелей Теңізде жұмыс істеп тұрғаны жақсы болды. Соның арқасында кен орнынан шықпай-ақ дауыс беруге қатыса аламыз, — деді қызметкер Ғазизбек Еркін.
Ал Сұлтан Тілекқабылов Теңіз кен орны аумағының үлкен екенін айтып, арнайы көліктің дауыс беру процесін жеңілдеткенін атап өтті.
— Теңіздің аумағы үлкен, көптеген нысандар бір-бірінен алыс орналасқан. Біз үшін арнайы көлік ұйымдастырылды: сайлау учаскесіне барып, дауыс беріп, кейін жұмыс орнына қайта оралуға болады, — деді ол.
Сайлау учаскелерінің жұмысы кен орнындағы ауысымдық кесте мен өндірістік нысандардың орналасуына сәйкес ұйымдастырылған.
Бұған дейін Атыраудағы облыстық перзентханада 100-ге жуық ана дауыс бергенін жазған едік.