Теңіз кен орнындағы апат: Олжас Бектенов ExxonMobil компаниясымен келіссөз жүргізді

АСТАНА.KAZINFORM - Премьер-министр Олжас Бектенов ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді. Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы сынды бірлескен жобаларына қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Теңіз кен орнында апат: Олжас Бектенов ExxonMobil компаниясымен келіссөз жүргізді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Теңіз жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірді. Қысқа мерзімде апат салдарын жедел жою және болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау бойынша жеделдетілген жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.

Тараптар сондай-ақ Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдайды талқылады. Олар маңызды инфрақұрылымдық нысанның тұрақты жұмыс істеуіне ортақ қызығушылық танытты.

Сонымен қатар кездесу барысында көмірсутек кен орындарын игеру тиімділігін одан әрі арттыру шаралары қаралды. Геологиялық барлауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттеріне жауап береді.

Кездесуге қатысушылар осы жылға арналған өндірістік жоспарларға да назар аударды. 2025 жылы Келешекте кеңейту жобасының аяқталуына байланысты Теңіз кенішінде мұнай өндіру 39 млн тоннадан астам, Қашағанда 18 млн-нан астам тонна болды. Каспий құбыр консорциумы арқылы энергия ресурстарын жөнелтудің жалпы көлемі 70,5 млн тоннаға жетті, оның ішінде қазақстандық мұнай – 63,8 млн тонна.

Айта кетейік, 18 қаңтарда Теңіз кен орнында өрт болып, 450-ден аса жұмысшы эвакуацияланды.

Ал бір күннен кейін ТШО Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатқанын хабарлаған еді.

Теңіз кен орнында болған жағдайдан кейін газ зауыттың қолданысындағы факелде жағылған. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есенов мәлімдеді.

Қазақстан мен ExxonMobil мұнай-газ жобалары бойынша өзара іс-қимылды күшейтеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум