Теңіздегі пластик зиянды химиялық заттарды жинап, тасымалдайды — ғалымдар
АСТАНА. KAZINFORM — Түрік ғалымдары Қара теңіздегі әртүрлі пластмасса түрлерінің ластаушы заттармен әрекеттесуін зерттеп, оның физикалық қоқыс емес, зиянды химиялық заттардың жылжымалы тасымалдаушысы екенін анықтады. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
Ризедегі Режеп Тайып Ердоған университеті Су биоресурстары факультетінің профессоры Ульген Айтан Қара теңіздегі шектеулі су алмасуы ластанудың ұзақ уақыт бойы жиналу қаупін арттыратынын айтты.
— Біз Қара теңіздің жартылай тұйық жүйесінде пластиктің қауіпті химиялық заттарды тасымалдап, сақтауға ықпал ететінін дәлелдедік, — деді ол.
Профессор Айтан мен оның командасы пластик пен химиялық заттардың өзара әсерінің теңіз экожүйесіне ықпалын TÜBİTAK Мармара зерттеу орталығы ғалымдарымен бірлесіп зерттеген.
Зерттеу аясында Қара теңізде кең таралған пластик түрлері теңіз ортасында бір жыл болғаннан кейін талданып, олардың қандай химиялық заттарды тасымалдайтыны анықталды.
Ғалымдарды пластиктің зиянды заттардың екі түрін қалай сіңіретіні қызықтырды. Біріншісі — өндірушілер пластикке икемділік, беріктік немесе түс беру үшін арнайы қосатын қоспалар (ПХБ, пестицидтер және ПАУ). Екіншісі — табиғатта өте баяу ыдырайтын әрі тірі ағзаларда оңай жиналатын улы тұрақты органикалық ластағыштар.
Зерттеуде пластик қалдықтарының үш санаты қарастырылды: бірреттік бұйымдар (пакеттер, бөтелкелер, стақандар), COVID-19 пандемиясы кезіндегі маскалар мен қолғаптар, сондай-ақ балық аулау торлары. Пластиктің әр түрінің ластаушы заттарды жинақтау қабілеті бағаланды.
Үлгілер Қара теңіздің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Ризе жағалауынан алынды. Бұл аймақтан балық көп ауланады, алайда судағы тіршілік иелерінің ішінде микропластик жиі кездеседі.
«Кейбір химиялық заттарды судан анықтай алмаймыз, бірақ пластиктен табамыз»
Ульген Айтан теңіздердегі пластик ластануы ауқымды әрі тізбекті экожүйелік мәселе туғызатынын айтты. Оның сөзінше, бұл ластану азық-түлік тізбегі арқылы — планктоннан бастап ірі теңіз жануарларына дейін таралып, олардың қоректенуіне, өсуіне, көбеюіне және иммундық жүйесіне теріс әсер етеді.
Профессор Қара теңіздің ерекше географиялық орналасуы, гидрографиялық ерекшеліктері және антропогендік қысымның күшеюі салдарынан пластикпен ластану деңгейі артып келе жатқанын атап өтті.
— Біз пластиктің теңіз ортасында да, тірі ағзаларда да кең таралғанын анықтағанымызбен, оның ластаушы заттармен байланысы осы уақытқа дейін зерттелмеген еді. Бұл — Түркия теңіздері мен Қара теңіздегі алғашқы жоба, — деді Айтан.
Оның айтуынша, зерттеудің адам денсаулығы тұрғысынан ең маңызды қыры — теңіз өнімдері арқылы әсер етуі. Пластик тасымалдайтын және биоаккумуляция қасиетіне ие химиялық заттар теңіздегі азық-түлік тізбегіне еніп, теңіз өнімдері арқылы дастарханға жетеді. Сонымен қатар олардың концентрациясы тізбек бойымен жоғарылай береді.
— Кейбір химиялық заттарды біз теңіз суынан анықтай алмаймыз, бірақ пластиктен табамыз. Бұл пластиктің қаншалықты болжауға келмейтін әрі басқаруы қиын кешенді ластаушы екенін дәлелдейді. Су алмасуы шектеулі Қара теңіздің жартылай тұйық жүйесінде ұзақ мерзімді жинақталу қаупі одан сайын артады, — деп түсіндірді ол.
Профессордың айтуынша, пластик қауіпті химиялық заттардың тасымалданып, сақталуына ықпал етеді.
Зерттеуші Қара теңіздегі пластик жай ғана теңіз қоқысы емес, қоршаған ортада зиянды химикаттарды тасымалдап, ұстап тұра алатын қозғалмалы ластаушы екенін айтты.
«Қолғап, маска және тоқыма талшығынан жасалған пластик жоғары химиялық жүктеме тасымалдайды»
Осы қорытындыларға сүйене отырып, Ульген Айтан пластикпен ластанудың алдын алу және қалдықтарды басқару жүйесін күшейту теңіз экожүйелері мен адам денсаулығын сақтау үшін аса маңызды екенін айтты.
Ол әртүрлі полимер түрлерінің ластаушы заттарды ұстап тұру қабілеті де әрқалай болатынын атап өтті.
— Зерттеудегі таңғаларлық нәтижелердің бірі — көп үлгілерде пластик қоспаларының, яғни өндірістік химиялық заттардың концентрациясы тұрақты органикалық ластағыштардан жоғары болып шықты. Әсіресе қолғаптар, маскалар және тоқыма талшығынан жасалған пластик жоғары химиялық жүктемеге ие болды, — деді профессор.
Биологтың айтуынша, бұл химикаттар гидрофобты, яғни ылғалданбайды.
— Пластик теңіз ортасына түскен сәттен бастап оның беті тозып, кедір-бұдыр бола бастайды және онда биоқабықша пайда болады. Бұл мұндай ластаушы заттардың пластик бетіне оңай жабысуына жағдай жасайды. Бір жағынан, пластик теңізге түскен бойда құрамындағы қоспаларды бөле бастаса, екінші жағынан, адам әрекетінің әртүрлі нәтижесінде теңіз ортасына түскен тұрақты органикалық ластағыштар оның бетінде жиналады, — деп түсіндірді Айтан.
«Біздің тұтыну әдеттеріміз теңіздің экожүйелік қызметіне әсер етеді»
Профессор пластиктің ең төменгі трофикалық деңгейден ең жоғарғысына дейін күшейе түсетін «домино әсері» бар қауіп екенін айтты.
— Күнделікті өмірде ойланбастан пайдаланатын қарапайым пластик бөтелкенің өзі экожүйе денсаулығына да, адам денсаулығына да үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Біздің тұтыну әдеттеріміз теңіз жануарларына тікелей әсер етеді, — деді ол.
Профессордың сөзінше, әсіресе Қара теңіз сияқты жартылай жабық су арналарында пластикалық ластанудан экожүйеге қысым күшейіп, азық-түлік тізбегіне қауіп-қатер төнеді. Сондықтан ластанудың алдын алып, қалдықтарды басқару жүйесін нығайту қажет.
Айта кетейік, Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау үшін 6,3 млрд текше метр су жіберіледі.