Теріні күйік шалған кезде не істеуге болмайды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Күйік шалған теріні дұрыс емдемеген жағдайда жара асқынуы мүмкін. Дәрігерлер күйікке жеңіл-желпі қарауға болмайтынын ескертеді.

Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданының 77 жастағы тұрғыны моншаға түсіп жатып, пешке құлап, аяғын күйдіріп алған. Ер адам өздігінен емделмек болған. Алайда жарасы ушығып, ол ауруханаға түскен.
Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, ауыл тұрғыны тек сегіз күннен кейін ғана дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ауруханаға түскенде сырқатта дене қызуы және жай-күйінің нашарлауы сияқты инфекция белгілері болған.
Ер адамның сол жақ саны терісінің 3% күйіп, арты инфекцияланған жараға ұласқан. Дәрігерлер сырқаттың жарасын өңдеп, тиісті ем-дом жасады. Қазір ол стационарда емделіп жатыр, жағдайы жақсарған.
Кішкентай күйік үлкен жараға айналмауы үшін дәрігерлер қарапайым ережені есте ұстау қажеттігін ескертеді. Күйік дұрыс өңделген кезде оңай емделеді. Алайда өзін өзі емдеудің арты асқынуларға әкелуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, күйік шалған кезде мұз басуға болмайды. Бұл тіндердің өліп, тамырлардың тартылуына әкелуі мүмкін.
Жақпа май, крем, майлар немесе халықтық ем – қаймақ жағуға болмайды. Олар диагностиканы ауырлатады, инфекция тудыруы мүмкін, дәрігерлерге жараны емдеуге кедергі келтіреді.
Күлдіреуікті жаруға болмайды. Бұл инфекция түсу қаупін арттырады.
Күйген жерді таңғышпен де орауға болмайды, бұл ауа жетіспеушілігіне әкеліп, жараның тез жазылуына кедергі келтіреді.
Жабысқан киімді жұлуға болмайды. Күйіктің айналасындағы матаны ақырын кесіп алып, дәрігер көмегіне жүгінген дұрыс.
Күйік шалған кезде зақымданған жерді салқын (мұздай сумен емес) сумен 10-15 минут бойы шаю керек. Микроб түспеуі үшін таза, құрғақ жеңіл дәкемен жауып, дәрігерге көрінген жөн.
Бұған дейін, дәрігер іс-қимылынан денсаулыққа зақым келсе, сақтандыру төлемі қалай берілетіні туралы жазған болатынбыз.