Терроризмге қарсы үлкен қару - Құран мәтіндерін дұрыс түсіндіру - Иман В. Порохова

АНА. 22 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Терроризмге қарсы үлкен қару - Құран мәтіндерін дұрыс түсіндіру.

Терроризмге қарсы үлкен қару -  Құран мәтіндерін дұрыс түсіндіру  -  Иман В. Порохова

Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Терроризм: оған қарсы тұру мәселелері» атты тақырыпта халықаралық-тәжірибелік конференция барысында Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Құранды орыс тіліне аударған Иман Валерия Порохова осылай мәлім етті.

«Терроризм туралы айтқанда, біз ең алдымен терроризмнің мотивациясы туралы ойлап, соны әшкерелеуіміз, айқындауымыз керек. Содан соң барып, бұны жасап шығарған және оны тәжірибеде қолданып жүрген адамдарды табуымыз керек. Яғни, біз міндетті түрде ең алдымен бұның кімге тиімді екендігін білгеніміз ләзім. Міне бұл біздің басты міндетіміз. Ал қалғаны құқық қорғаушылар мен күш құрылымдарының шаруасы», - деді В. Порохова.

Оның пайымдауынша, қандай да бір лаңкестік пиғылдағы ағым пайда болғанда оған ең алдымен аудитория қажет болады. Сондықтан да бұндай аудиторияны болдырмау үшін жұмыс істеген ләзім. «Террористің өзін қоршайтын ортасының болмауына жұмыс істеуіміз керек. Ал бұл үшін не керек? Оқыту, ағарту! Халықтың діни сауатын көтеру керек. Бұл жерде Құран мәтінінің өзін дұрыс түсінген ләзім. Алланың сөзін өңірлер бойынша талдауға болмайды. Мәселен, Сауд Арабиясында Құран сөздері бір бөлек, Араб Әмірліктерінде одан басқа, Сирия, Иордания Ливанда тағы бөлек, Мағрипте және басқаша талданбауы шарт. Дегенмен, біз Құран мәтіндерін толық түсініп, білуіміз керек. Терроризмге қарсы ең үлкен қару - Құран мәтіндерін дұрыс білу. Лаңкестік актіні жасаушы, адам өлтіруші - мұсылман да, иудей де, христиан да емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Жазықсыз жанның қанын төккен адам бізден емес» деп айтқан. Сондықтан да, ислам дініндегі адамға басқа елдің территориясында соғысуға еш рұқсат жоқ. Мұсылман адам өз еліне басқыншылық жасағандарға ғана қарсы соғыса алады. Яғни исламда басқыншылық акциясы болған жағдайда ғана соғысуға рұқсат беріледі», - деді В. Порохова. Оның айтуынша, терроризмді болдырмау үшін халықтың діни сауатын көтеру қажет. Ал ол мақсатта жұмыс істейтін кадрлар қажет.