Терроризмнің идеологиясы діни сауаты төмен жұрт арасына, қоғамның өткір әлеуметтік проблемаларына қарай жылжып барады - Қ. Сатыбалды

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Терроризмнің идеологиясы діни сауаты төмен жұрт арасына, қоғамның өткір әлеуметтік проблемаларына қарай жылжып барады.

Терроризмнің идеологиясы діни сауаты төмен жұрт арасына, қоғамның өткір әлеуметтік проблемаларына қарай жылжып барады -  Қ. Сатыбалды

Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Терроризм: оған қарсы тұру мәселелері» атты тақырыпта халықаралық-тәжірибелік конференция барысында партия Хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы осылай мәлім етті.

«Бұндай конференция партия қабырғасында алғаш рет өткізіліп отыр. Ал алқалы жиын терроризмге қарсы тұрудың тиімді тетіктерін қалыптастыру және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту бойынша ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ секілді мемлекетаралық ұйымдардың шешімдерін іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады. Соңғы жылдарда орын алған оқиғалар ислам және батыс қауымдастығы арасында түсінбеушілікті одан сайын күшейтіп отыр. Ал бұндай жағдайды экстремистер кеңінен пайдаланып келеді. Қарым- қатынастардың бұдан әрі ушығуына жол бермеуге тек барлық халықаралық қауымдастықтың жұмылған күші арқылы ғана жетуге болады», - деп атап өтті партия Хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы. Сонымен қатар, ИЫҰ сыртқы істер министрлерінің сессиясы барысында Елбасы Н. Назарбаевтың айтқан пікірлеріне тоқталған Қ. Сатыбалдыұлы, ислам мен батыс арасындағы диалогты дамытудың қажеттілігіне де маңыз бере сөйледі. Оның айтуынша, соңғы 10 жылда терроризм біршама өзгеріске енді: оның жаһандануы белең алып, лаңкестік қатердің қауіптілік деңгейі артты. «Терроризм халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін басты факторға айналды. Лаңкестік қоқан-лоққымен бүгінгі таңда барлық дерлік мемлекеттер, тіпті бұл құбылыстың ошағынан жырақта орналасқан елдер де қақтығысып жатыр. Ал терроризмнің идеологиясы діни сауаты төмен жұрт арасына, қоғамның өткір әлеуметтік проблемаларына қарай жылжып барады. Сепаратистер мен әсіре ұлтшылдардан да белгілі бір деңгейде қолдау тауып отыр. Ал ақпараттық желі радикалдық ағымдардың әсер ету майданына айналуда. Бұл, әсіресе, жастар арасындағы дүниетанымға айтарлықтай ықпал етуде», - деді Қ. Сатыбалдыұлы.