Теріскейге көш: қызылордалықтардың дені СҚО және Қостанай облыстарын таңдаған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл алғашқы жарты жылда Қызылорда облысынан еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне 49 отбасы немесе 190 адам қоныс аударды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдеді.
Оның басым бөлігі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын таңдаған.
- Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға бағытталған бағдарлама 2013 жылы қабылданған болатын. Содан бері қоныс аударған 11 отбасы 29 мүшесімен жанұялық жағдайына, ауа райының қолайсыздығына, денсаулығына байланысты облысымызға қайтып келген, - деді департамент басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева.
Өңірде жыл сайын теріскейге көшті насихаттайтын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп тұрады. Өткен жылы мамыр айындағы жәрмеңкеде 8 мыңнан астам, биыл 9 мыңнан астам жұмыс орны ұсынылды.
- Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарымен екіжақты меморандум жасалды. Іс-шара барысында 200-ден астам азамат жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен тұрақты жұмысқа жолдама алды. 80-ге жуық қала тұрғыны солтүстік өңірлерден келген жұмыс берушілер ұсынған жұмыс орындарымен танысып, қоныс аударуға ниет білдірді, - деді департамент өкілі.
Айта кетейік, қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау ретінде көшу, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығынын жабу, жұмыс берушілер үшін субсидиялар, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу, тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификат қарастырылған.
Ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында берілетін баспана, жұмыс және қайтарымсыз гранттар да – көпшілік үшін жаңа өмір бастауға керемет мүмкіндік.