Тест тапсырып, талантыңды анықтауға болады – маман кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM — Арнайы тест тапсыру арқылы өз талантыңызды анықтауға болады. Нәтижесінде қандай кәсіппен айналысатыныңызды анықтап, өз бағытыңызды біле аласыз. Бұл туралы «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған Берік Әсембаев айтып берді.

Тест тапсырып талантыңды анықтауға болады – маман кеңесі
Фото: freepik.com

– Менің жұмысым өте оңай. Адамдар Клифтон университеті дайындаған тестті 60 доллар төлеп тапсырады да, нәтижесінде 34 талантын анықтап, алдыма келеді. Ал мен ол адамға ерекшеліктерін айшықтап беремін. Бұл тестте 120 сұрақ қойылады. Әрқайсысына жауап беруге 20 секунд уақыт беріледі. Неге 20 секунд? Себебі сіз көп ойланбауыңыз керек. Идеалды тұрғыдан жауап беруге тырыспау керек. Сол кезде нақты, шынайы жауабы шығады. Бұл әдіс Еуропа мен АҚШ-та кеңінен қолданылады. Бірақ мен ешкімге «Сен осындай маман бол, сенің осылай істегенің дұрыс» деп айтпаймын. Тек қана «Сіздің осы қабілетіңіз көбірек, осындай дүниелерге икеміңіз бар» деп бағыт-бағдар беремін, – дейді маман.

Коучтың айтуынша, әрбір адамға ортақ 34 талант бар. Адамдар сол таланттардың нақты қайсысына бейім екенін анықтай алу керек.

– Кез келген адам талантты. Мүмкін, әлемде миллиондаған таланттың түрі болар. Ал Клифтон университеті белгілеген 34 талант адамдардың бәрінде бар, бәріне бірдей түсінікті таланттар. Яғни, сіздің қоршаған ортамен қарым-қатынасыңызға байланысты, сіз мүлде байқамаған күйде ақырын дамиды. Мысалы, бізді белгілі бір қондырғы деп қарастырсақ, оның 34 батырмасы бар. Олардың 10-ы түрлі түске боялып, айрықшаланып тұр. Яғни бұл – таланттар адамда автоматты түрде жүретін таланттар. Ал қалғандары бойымызда бар болса да, саналы түрде қосып отыруға тиісті таланттар. Мен бүгінге дейін 200-ге жуық адамға көмектестім. 20–30, тіпті 40 жастағы адамдар менің алдыма келіп, «Мен немен айналысуым керек?» деп бағдар сұрап жатады, - дейді маман.

Ол балалардың талантын ашу үшін ата-аналарға да кеңесін айтты.

– Клифтон университеті ата-аналарға баласының күшті тұсын одан әрі күшейтуге кеңес береді. Яғни адам өзінің мықты тұсымен жұмыс істеуі керек. Бәрін бірдей жақсартуға тырысудың қажеті жоқ. Себебі өзіңнің икемің келмейтін дүниелерді үйренуге көп уақыт кетеді. Ал өз қабілетіңді ары қарай ашуға жұмыс істесең, жетістікке тез жетесің, – дейді Берік Әсембаев.

Айта кетейік, бірнеше ай бұрын Мемлекет басшысы өзіне жалған психологтер мен коучтар үстінен жиі шағым түсетінін айтқан еді. 

Одан бөлек, емханаларда психологтар көпшілікке тегін көмек көрсетеді. 

Соңғы жаңалықтар