Психолог қай уақытта тегін қызмет көрсетеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Психологтың көмегі емхана деңгейінде көпшілікке қолжетімді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, психологтың немесе психотерапевттің консультациясы мамандандырылған медициналық көмектің медициналық қызметтер тізбесіне кірген.
Мамандандырылған медициналық көмекті бейінді мамандар диагностиканың, емдеудің, медициналық оңалтудың арнайы әдістерін талап ететін аурулар кезінде, оның ішінде қашықтықтан медициналық қызмет көрсету құралдарын пайдалана отырып көрсетеді.
Пациент психологтың көмегін емханада тегін ала алады, оған:
— психологтың қабылдауы;
— балалар суицидінің алдын алу бойынша дәрістер өткізу;
— мінез-құлық және психоактивті бұзылуларға күдік туындаған кезде қабылдау;
— әлеуметтік, оның ішінде жасқа бейімделу мәселелері бойынша кеңес беру;
— созылмалы аурулары бар науқасты өзіндік менеджментке үйрету;
— жүкті әйелдерге кеңес жатады.
Ал жасөспірімдер мен жастар емханалардағы жастар денсаулық орталықтарына жүгіне алады.
Психологтың кеңесін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында, яғни «сақтандырылмаған» азаматтар да ала алады.
Бұған дейін қандай жағдайда медициналық қызметкерді үйге шақыруға болатындығын жаздық.