«Тілші болғың келсе...» байқауы жарияланды

Бұл туралы «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин мәлім етті.
Оның айтуынша, Ғ.Қараш пен Е.Бұйрин - 1911 жылы «Қазақстан» деген атаумен Ордада, кейін Оралда шыққан газеттің алғашқы ұйымдастырушылары. Олар осы басылымды жарыққа шығаруға көп еңбек сіңірді. Мәселен, қазақ тілді материалдарға Ғұмар Қараш, ал орыс тілдісіне Елеусін Бұйрин жауапты болды. Осы себепті жеңімпаздарға қазақ тілінде жарияланған үздік мақала үшін Ғ.Қараш атындағы 100 мың теңге, ал орыс тіліндегі мақала үшін Е.Бұйрин атындағы 100 мың теңге жүлде берілетін болады. Сондай-ақ байқау жеңімпаздары өзі тұратын мекендегі газетке тілшілік қызметке орналаса алады.
Айта кету керек, байқауға материалдар жолдау 20 маусымда аяқталмақ. 18 бен 40 жас аралығындағы жандар байқауға қатысып, бақ сынай алады. Үздік материалдар облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде жарияланады. Ал жалпы байқау Қазақстан журналистері күні қорытындыланбақ.