Тимур Сүлейменов: Қатаң ақша-кредит саясаты – мақсат емес, инфляцияны тежеу құралы
АСТАНА. KAZINFORM - Жоғары мөлшерлеме мен қатаң ақша-кредит саясаты – мақсат емес, инфляцияны тежеу құралы. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

- Қазір экономиканың өсу қарқыны жоғары екені анық. Алайда ол халық табысының өсуіне толық әсерін көрсеткен жоқ. Негізгі тежеуші фактор – инфляция. Яғни номиналды табыс өсіп жатқанымен, инфляция оның оң әсерін теңестіріп отыр. Сол себепті Ұлттық банк базалық мөлшерлемені инфляцияны төмендетуді қамтамасыз ететін деңгейде ұстап отыр. Біздің мақсатымыз – бағаның төмен және тұрақты өсуін қамтамасыз ету, азаматтардың жалақысы мен жинақтарының құнын сақтау, - деді ҰБ төрағасы.
Оның пайымынша, жоғары инфляция ең көп зиян келтіретін фактор саналады. Ол, әсіресе әлеуметтік қорғалмаған топтарға ауыр тиеді.
- Бұл жағдайда жоғары мөлшерлеме мен қатаң ақша-кредит саясаты – мақсат емес, инфляцияны тежеу құралы. Яғни халықтың әл-ауқатын арттыру құралы саналады. Экономика тұрғысынан тұрақты төмен инфляциялық орта – қолайлы инвестициялық климат пен кәсіпкерлік ортаны қамтамасыз ететін негізгі элементтердің бірі. Үкіметпен, агенттікпен және басқа да мемлекеттік органдармен үйлестірілген күш-жігеріміздің арқасында біз баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ортамерзімді перспективада белгіленген нысаналы деңгейге қол жеткізе аламыз деп сенеміз, - деді Тимур Сүлейменов.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да 16,5 пайыз деңгейінде қалдырғанын жазған едік.