Алматы облысында 215 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – 2024 жылы Алматы облысында жүргізілген ғарыштық мониторинг кезінде 215 заңсыз қоқыс орны анықталды.

Алматы облысының аумағында 7 қоқыс полигон бар. Атап айтар болсақ, Қонаев, Алатау қалалары мен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл және Талғар аудандарында. Оның 4-і мемлекет меншігінде.
Жыл сайын шамамен 430 мың тонна қалдық жиналады. Бұдан басқа, сұрыпталған қалдықтардың 530 мың тоннасы Алматы қаласынан Қарасай ауданының Айтей ауылындағы полигонға шығарылады.
— Былтыр Алматы облысында ғарыштық мониторинг жүргізіліп, 215 санкцияланбаған қоқыс үйіндісі анықталып, жойылды. Сонымен қатар, санкцияланбаған полигоннан шығудың 8 жағдайы тіркелді. Өңірде көлік шиналарын, картон-қағаз, пластмасса, әйнек және макулатура қалдықтарын қайта өндейтін 7 кәсіпорын жұмыс істейді, — деп жауап берді Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасы Kazinform агенттігінің сауалына.
Қонаевтағы қызмет көрсету мерзімінен өтіп кеткен «Қарлығаш» саяжайы маңындағы қоқыс полигонына рекультивация жұмыстары жүргізілетін болады.
Қонаевта жаңа полигон құрылысы 2025-2026 жылдарға көзделген.
— Қонаев қаласының 2026 жылға дейінгі кешенді даму жоспарына сәйкес жаңа қатты тұрмыстық қалдық полигон құрылысын және қоқыс сұрыптау желісін салу жоспарланған. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Полигон құрылысы 2025-2026 жылдарға көзделген. Жаңа полигон салынғаннан кейін «Қарлығаш» саяжайы маңындағы қоқыс полигонына рекультивация жұмыстары жүргізілетін болады, — деп атап өтті басқармадан.
Осыған дейін елімізде заңсыз қоқыс тастау жағдайлары жасанды интеллектінің көмегімен анықталып жатқаны туралы жазғанбыз.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосуды тапсырды.