Онлайн-тойдан салық төленуі керек: Продюсер танымал әнші әулетіндегі тойдың мән-жайын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті белгілі әнші Сәкен Майғазиевтің ақылы той көрсетілімі туралы хабарламасына пікір білдірді.

Тікелей эфирдегі той: Сәкен Майғазиев халықтан түскен қаражаттан салық төлеуі керек
Коллаж: Kazinform

Белгілі болғандай, Сәкен Майғазиев өз ұлының үйлену тойын көргісі келетіндерге жабық телеграм-канал ашқан. Ол каналға жазылу үшін 1380 теңге төлеу керек. Бұл қазақ қоғамындағы алғашқы ақылы онлайн-той болмақ және жұртшылық арасында қызу талқыға түсті. Бір жағынан даттаушылар көбейсе, екінші жағынан онлайн-тойға жазылушылар саны артып, қосымша сервер ашуға тура келген.

Табыс салығын төлеу міндетті

Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, салық төлеушінің салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер бойынша салықтық міндеттемелері оның заңды нысанына, қолданылатын салық салу режиміне және салық салу объектілерінің болуына тікелей байланысты.

− Қарастырылып отырған жағдайда онлайн-тойға қатысу үшін 1380 теңге көлемінде ақы алу табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер іс-шараны ұйымдастырушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелсе, алынған табысты декларациялап, қолданылатын салық салу режиміне байланысты жеке табыс салығын төлеуге міндетті, − деп жазылған комитеттің агенттікке берген жауабында.

Заңға сәйкес, ұйымдастырушы шағын бизнес субъектілері үшін жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі қолданылған жағдайда — 3%; жеке кәсіпкер үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі болса — 10%; заңды тұлға болса — 20% мөлшерінде салық төлеуі керек.

Осыған ұқсас салық салу тәртібі салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру саласында қызмет көрсететін субъектілерге де қолданылады. Бұл санатқа мейрамханалар мен банкет залдары, сондай-ақ жүргізушілер (асаба), әртістер, музыкалық және би ұжымдары, іс-шараларды өткізу шеңберінде қызмет көрсететін кәсіпкерлер жатады.

Салыққа той иелерінің қатысы жоқ

Тойды ұйымдастырумен айналысып жатқан продюсер Жан Мұқанов салық төлеу мәселесінің әділ әрі ашық екенін айтып отыр. Барлық салықтық міндеттемені ұйымдастырушы компаниясы өз мойнына алады.

− Билеттерді сату, табыс есебі, бухгалтерлік рәсімдер − бәрі заңды түрде жүргізіледі және мемлекеттік кірістер органдарына тіркеледі. Той иелерінің бұл табысқа қатысы жоқ, бұл жобаның ұйымдастырушылық деңгейінде жүзеге асып жатқан мәдени бастама. Сондықтан, салық та компания деңгейінде төленеді, − деді Жан Мұқанов.

1380 теңге қалай бекітілді

Сонымен бірге, продюсер 1380 теңге бағасы қалай бекітілгенін, онлайн-той жасауға қандай шығындар кететінін айтып берді.

Онлайн-тойдан салық төленуі керек: Продюсер танымал әнші әулетіндегі тойдың мән-жайын түсіндірді
Фото: weproject.media

− 1380 теңге − коммерциялық табыс үшін емес, жобаның техникалық шығындарын өтеуге арналған ең минималды сома. Біз кәсіби түсірілім, бірнеше камера, режиссура, жарық, дыбыс, трансляция платформалары және монтаж сынды үлкен жұмысты ескердік. Осыған орай, әрбір көрерменнен алынатын қаражат жалпы бюджеттің тек аз бөлігін ғана жабады, − дейді Жан Мұқанов агенттікке берген сұхбатында.

Продюсердің айтуынша, онлайн той ұйымдастыру − өте күрделі, техникалық және шығармашылық жағынан ауқымды процесс. Шығындардың негізгі бөлігі кәсіби түсірілім тобына (режиссер, операторлар, жарық, дыбыс инженерлері), көпкамералы трансляция мен режиссураға, сапалы интернет пен арнайы техникалық серверлерді жалға алуға, тікелей эфир платформасы мен қорғау жүйелеріне және музыкалық нөмірлер, арнайы қойылымдар секілді шоу элементтеріне жұмсалады.

Еске сала кетсек, бұдан былай ChatGPT де Қазақстанда қосымша құн салығын төлейтін болды.

Соңғы жаңалықтар