Тікұшақ апатының алдын ала себебі айтылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысында тікұшақ апатына қатысты ресми хабарлама жасады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Биылғы жылғы 9 қарашада Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонды. Бортта болған 3 экипаж мүшесінің 2-еуі ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді.
— Экипаж мүшелерінің бірі қаза тапты. Авиациялық оқиғаның алдын-ала себебі — техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеуде. Қарулы күштердің басшылығы мен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады, — делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство атап өткендей, оның туыстарына, сондай-ақ зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Еске салсақ, бүгін Ақтөбеде тікұшақ құлағаны белгілі болды.
Кейіннен тікұшақ апаты кезінде 1 адам көз жұмғаны анықталды.