Тілді ән арқылы жетік меңгерген орыс жігіті қазақша той жүргізіп, беташар айтып жүр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл тұрғыны Евгений Грязновты көпшілік Жеңіс деп таниды. Орыс жігіті қазақ тілін ғана емес, салт-дәстүрді де жетік меңгерген. Асабалықты кәсіп еткен Жеңіс-Женяға бүгінде басқа өңірлерден де тойларын өткізіп беруді сұрап, жиі хабарласатын болған. Агенттік тілшісі шоуменді әңгімеге тартқан еді.

Томада
Фото: Кейіпкердің Instagram парақшасынан алынды

— Алдымен өзіңізді таныстырып кетіңізші…

— Ташкентте дүниеге келдім, 6-сыныпқа көшкен жылы ата-анаммен Қазақстанға, соның ішінде Петропавлға қоныс аудардым. Мектеп бітірісімен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне оқуға түстім. Негізгі мамандығымның өнерге еш қатысы жоқ, агрономмын.

— Тілді қашан, қайда үйреніп жүрсіз? Не түрткі болды?

 Мектепте жүргенімде қазақ тіліне деген қызығушылық пайда болды. Тіл үйренуге деген ынтам Абай әндерінен басталды. «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» — менің репертуарымдағы әндер болды. Ән тыңдарманға жетуі үшін жүрегіңнен өткізіп, яғни мағынасын түсініп айту керек. Ән арқылы қазақ тілінің қаншалықты бай екенін түсіндім. Абай оқуларына қатысып, бірнеше рет жүлделі орынға ие болдым. Сосын университетте оқып жүріп кешке мейрамханалардың бірінде әнші болып жұмыс істедім. Кейін мейрамханаға арт-директор болып орналастым. Ондағы тойлардың басым бөлігі қазақтың той-томалағы еді. Білмегенімді, түсінбегенімді сұрап отырдым. Қазақ тілді ортада болғандықтан ақырын сөйлеп кеттім.

Осылайша тойларды екі тілде жүргізуден бастадым. Басында адамдар менің тойды қос тілде жүргізе алатыныма сенбеді. Оларды көндіру қиын болды. Сол кезде маған тойын сеніп тапсырған, бетімнен қақпаған адамдарға қазір алғысым шексіз.

— Тіл үйренгісі келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Мен тілді ешқандай курстарға бармай өздігімнен үйрендім, менің ұстазым — қазақтың әндері болды. Ал жалпы тіл үйрене бастаған адамдарға қате сөйлеуден қорықпауға кеңес беремін. Қателік жасау қорқынышты емес. Тойға келген қонақтармен қазақша сөйлесуге тырыстым, басында сөздерді дұрыс айта алмайтынмын, кейбіреулер күледі, енді біреулер дұрысын айтып, түзетіп жібереді. Тілді үйрену үшін ең бастысы тәжірибе керек екен. Сөздерді жаңылтпаш секілді жаттаған нәтиже бермейді.

Қазір қазақша фильмдер көремін. Репертуарымда 50-дан астам қазақша ән бар.

Көп тілді меңгеру, негізі адамды ақылды етеді, ішкі әлемін байытады. Қазақ тілі — өте әдемі тіл, мысалы «айналайын» деген сөзі неге тұрады?! Орысшаға аудара алмайсың оны. Қазақстанда тұрғандықтан тілді үйрену керек, құрметтеу керек.

той
Фото: Кейіпкердің Instagram парақшасынан алынды

— Отбасыңызда қазақ тілін өзіңіз сияқты жетік білетіндер бар ма? 

— Ұлым мен қызым бар. Олармен үйде қазақша сөйлесемін. Білгені өздеріне жақсы.

— Көпшілік сізді қазақтың тойынан таныды, той-бизнеске қашан келдіңіз?

— Көп бола қойған жоқ. Қазақ тілін үйренгеннен кейін алдымен мерекелік іс-шаралардың жүргізушісі болып бастадым. Сценарийді алдын ала жазып, содан ауытқымауға тырысатынмын. Кейін тәжірибе жинай келе тойларға шыға бастадым.

Солтүстік Қазақстан айтпаса да түсінікті, Оңтүстік, Шығыс Қазақстанда тойлар өткіздім. Батыста әзірге болған жоқпын. Бұйырса, ол жаққа да жол түсер. Бір қызығы, басқа өңірлерге барып той жүргізгенімде, менің Петропавлдан екеніме таңданып жатады. Көбіне қазағы қалың оңтүстіктің жігіті деп ойлайды.

Ең алғашқы жүргізген тойым әлі күнге есімде, қыз ұзату болатын. Алдын ала дайындалдым, сценарий жаздым. Өзімді сенімді ұстау үшін қасыма асабалардың бірін алдым. Егер мен ойлағандай болмай жатса, әрі қарай жүргізесің деп, гонорарымның бір бөлігін беретін болып келістім. Абырой болғанда той өте жақсы өтті, қонақтардың көңілінен шықты.

— Соңғы кезде домбыра тартып, беташар айтып жүрсіз. Аспапта ойнауды қашан үйрендіңіз, ұстазыңыз кім?

— Карантин кезінде той жоқ, жұмыс тоқтады. Бос уақыт көп. Сол кезде домбыра сатып алдым. Петропавлда беташар айтатындар саусақпен санарлық. Менің досым, әріптесім Тимур Айтқожиннің көмегі көп болды. Нәтижесінде беташарды жаттап, үйреніп алдым.

Кейін беташар айтамын дегенде маған сенбегендер болды, фонограмма деді, орыс баласы неге келіннің бетін ашады дегендер болды. Жоқ мен келін бетін ашпаймын, сол әулеттің үлкен, сыйлы аналары бар, солар ашады, мен тек ән айтамын.

той
Фото: Кейіпкердің Instagram парақшасынан алынды

— Сұраныс бар ма? 

— Ия, әрине. Кейде Ресей қазақтарының тойын өткізу үшін Түменге, Омбыға жол түсіп жатады.

— Тағы қандай музыкалық аспаптарда ойнайсыз?

— Ата-анам — жоғары білім бар музыканттар. Сондықтан өнерге жақын болмауым мүмкін емес еді… Домбырадан бөлек гитарада, фортепианода ойнаймын. Жалпы музыкамен 3-сыныптан бастап айналысамын. Музыкалық мектепте 4 жыл оқығанмын.

— Асабаларға қатысты, олардың әзіл-қалжыңына, өрескел ойындарына байланысты сын көп айтылады. Әлеуметтік желіде түрлі бейнежазбаларға куәгер болып жүрміз. Сіз бұл сынмен келісесіз бе?

— Әлеуметтік желіден көптеген жаман әзілдерді көремін. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. «Бояушы, бояушы деген сайын сақалын бояйды» деген қазақтың жақсы мақалы бар ғой, жұртты күлдірем деп кейде қонақтың жеке басына да тиісіп жатады. Адамдардың сыртқы келбетін күлкіге айналдыруға болмайды. Біздің менталитет басқа, оны да ескерген жөн. Өрескел ойын, анайы қалжыңсыз-ақ тойды көңілді өткізуге болады. Өйткені, ол жерде ата-әжелер отырады. Ағайын-туыс келеді.

Қай салада жұмыс істесең де, көштен қалмау үшін, бәсекеге төтеп беру үшін үнемі өзіңді жетілдіріп отыруың қажет. Сондықтан біз әріптестерімізбен бірге түрлі шеберлік сабақтарына қатысамыз, курстардан өтеміз, ресейлік әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз.