ТМД ақпарат агенттіктері ішкі туризмнің танымалдылығын арттыруға күш салады

"Біздің ең маңызды қызметтеріміздің қатарына 2016 жылы ТМД-ның ішкі туризмінің танымалдылығын арттыру қосылмақ. ТМД мемлекеттерінің гуманитарлық ықпалдастық қорының қолдауымен ақпарат агенттіктері өз күштерімен ішкі туризмнің ең әлеуетті бағдарлары бойынша журналистер мен фототілшілерге арнап пресс-тур өткізеді", - деді ол Астанада өткен ТМД Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде.
Оның айтуынша, арнайы сайт ашылады. Онда xалық үшін ең көрікті туристік орындар, тариxи және қазіргі заманғы нысандар туралы қызықты материалдар топтастырылады.
С. Михайловтың атап өткеніндей, 20 жыл әріптестіктің барысында ТМД елдері ақпарат агенттіктерінің қарым-қатынасы кәсіби, нәтижелі болды және терең достыққа негізделді. Күн сайын ТМД ақпарат кеңесіне мүше агенттіктердің ақпараттары ортақ жаңалықтар таспасында жарияланып тұрады. Таспа қазіргі уақытта визуалды материалдармен де толығып отыр.
"Әрдайым бірлескен ірі жобалар жасалады. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталуына 70 жыл толуына орай атқарылған жобаны ерекше атап өтуге болады. Мерейтойға байланысты ТМД ақпарат кеңесінің мүшелері кешенді шараларды жүзеге асырды. Агенттіктердің мұрағаттарынан соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі бірегей фотоматериалдар жарияланды. Осы тақырып бойынша атқарылған барлық ақпараттық қызметіміз өзгелердің біздің тариxты басқа қырынан жазуына жол бермеуге бағытталды",- деді Сергей Михайлов.
ТМД ақпараттық кеңесі 1995 жылы 3 қарашада құрылды және Тәуелсіз мемлекеттер достастығының ақпарат саласындағы ең үлкен ықпалдастығының көрінісіне айналды. Бұл кеңеске Әзербайжан (АзерТадж), Армения (АрменПресс), Беларусь, (БЕЛТА), Қазақстан (ҚазАқпарат), Қырғызстан (Кабар), Молдова (МолдПресс), Ресей (ТАСС) және Тәжікстан (Ховар) мемлекеттік ақпараттық агенттіктерінің басшылары мүшелік етеді.