09:20, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
ТМД Атқарушы комитеті мен ҰҚШҰ Хатшылығы Ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қоюды жоспарлауда
МИНСК. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат - Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Атқарушы комитеті мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығы Ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қоюды жоспарлап отыр.
Атқарушы комитет төрағасының тапсырмасы енгізілген ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің тиісті шешімінің жобасы кеше, ақпанның 26-сы күні Минскіде Достастықтың штаб-пәтерінде өткен сарапшылар тобының мәжілісінде талқыланды. ҚазАқпаратқа бұл туралы ТМД Атқарушы комитетінің баспасөз қызметінен хабарлап отыр. Атқарушы комитет төрағасының орынбасары міндетін атқарушы - ТМД атқарушы хатшысы Тоқтасын Бозыбаев атап көрсеткендей, хаттама екі органның жұмысындағы қажеті жоқ қайталауларды болдырмайды. Т.Бозыбаевтың айтуынша, ынтымақтастық консультациялар, сарапшылардың кездесулер, бірлескен кеңестер, құжаттармен, жұмыс жоспарларымен, анықтамалық және ақпараттық-сараптамалық материалдармен алмасу, келісілген ұсыныстар мен кеңестер әзірлеу, қауіпсіздік мәселесіне орай мәжілістерге өзара қатысып отыру арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ нақты бағыттар мен проблемаларды зерттеу жөніндегі бірлескен жұмыс топтарын құру мүмкіндігі де бар. Мәжіліске Армения, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері мен Достастықтың Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты. Сарапшылар ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісінде қаралатын шешімнің жобасын толық келісті.