ТМД байқаушылары: Қазақстандағы сайлау науқаны бірқалыпты өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқаны бірқалыпты өтуде. Барлық саяси партияларға бірдей жағдайлар берілген, сайлау комиссиясы толығымен қамтамасыз етілген және қызметіне дайын, деп есептейді ТМД атынан Қазақстандағы сайлау науқанын бақылауға келген миссия мүшелері.
«Сайлау науқаны бірқалыпты өтуде, заңға сай, сайлауалды насихаттарын жүргізу үшін барлық саяси партияларға теңдей жағдайлар беріліп отыр», - дейді ТМД бақылаушылары штабының басшысы Евгений Слобода Қазақстандағы сайлауды бақылау республикалық қоғамдық комиссиясының төрағасы Нұрлан Ерімбетовпен болған кездесуінде.
Елімізге жақында ғана ат басын тіреген бақылаушылар Астанадағы және Ақмола облысы Атбасар ауданындағы барлық сайлау учаскелерін аралап үлгерген.
«Сайлау учаскелері техникалық тұрғыда сайлауға дайын. Әдістемелік қамсыздандыруға келетін болсақ, көптеген оқу және көмекші құралдарды шығарған Қазақстанның орталық сайлау комиссиясының еңбегіне үлкен баға беруге болады. Егер осының барлығын уақыты келгенде дұрыс пайдаланылса, сайлау барысы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтеді деп есептеймін», - деп атап өтті Е.Слобода.
Осы кездесуден соң, миссия мүшелері ҚР Бас прокуратурасымен, Жоғары Сотпен, ҚР Ішкі істер министрлігімен, Конституциялық кеңеспен және саяси партиялармен кездесу ұйымдастырмақ.
Сайлауды бақылау үшін ТМД миссиясы атынан 241 адам тіркелген. Олардың қатарында Әзербайжан, Беларус, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан елдерінің өкілдері бар.
Оның үстіне сайлауды бақылауға ТМД парламентаралық ассамблеясының миссиясы да келіп отыр.
Еске сала кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтеді.