ТМД елдері қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде мәселе қаралды.
Бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобын құрып, жалпы отырысқа дайындау міндеті Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелді.
Аталған Шартқа 2007 жылғы 5 қазанда Душанбе қаласында қол қойылған және ол қылмыстық кірістерді заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы іс-қимылда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдарының ынтымақтасуына, қызметін үйлестіруге және күштерін біріктіруге бағытталған.
Шарттың 27-бабына сәйкес тараптар бір-бірімен келісімдер жасаса алады немесе әрбір нақты жағдайда тәркілеу туралы сот шешімін орындау туралы тапсырманы орындау нәтижесінде бір тарап алған мүлікті не тәркіленген мүлікті сатудан алынған қаражатты бөлу туралы уағдаласа алады.
Шарт ратификацияланған кезде оны іске асыру келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша шығындарды қажет етпейді.