09:41, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
ТМД елдері сыбайлас жемқорлықпен бірлесіп күреспек
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ынтымақтастық орнатпақ.
Наурыздың 3-4-інде Минскіде ТМД Атқарушы комитетінде өткен сарапшылар тобының мәжілісінде сәйкес Келісімнің жобасы келісілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сарапшылар отырысына Армения, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжікстан елдерінің, сондай-ақ Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қауіпсіздік және арнайы қызмет органдары басшылары кеңесінің, Достастық елдерінің Салықтық (қаржылық) тексеру органдары басшылары үйлестіру кеңесінің, Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесі Үйлестіру қызметінің және ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты. Келісім жобасы Достастықты әрі қарай дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары мен Қылмыспен күресудің бірлескен іс-шараларының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекетаралық бағдарламасын орындау мақсатында әзірленіп отыр. Достастық елдері сыбайластық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық және азаматтық істер бойынша бір-біріне құқықтық көмектер көрсетеді, бірлескен іс-шаралар өткізеді, жемқорлар ұрлаған активтерді іздестіру мен оларды қайтаруда ынтымақтаса әрекет етеді, жедел мәліметтермен, нормативтік құжаттармен алмасады, тиісті бағдарламаларды талдап жасайды және кадрлардың біліктілігін арттырады деп жоспарланып отыр. Келісім жобасының келесі сараптамалық талқысы алдағы мамыр айында өтеді.