ТМД елдерінің үкімет басшылары Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қою жөнінде уағдаласты
САНКТ-ПЕТЕРБОР. 18 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - ТМД елдерінің үкімет басшылары Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қою жөнінде уағдаластыққа келді.
Бұл туралы РФ Үкіметінің төрағасы Владимир Путин мәлім етті.
«Ұзаққа созылған, өткір, сындарлы келіссөздердің нәтижесінде бүгін жиналуымызға себеп болған басты мәселенің шешімін қабылдадық, біз бүгін ТМД аясында Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қою жөніндегі уағдаластыққа қол жеткіздік», - деді ол ТМД елдері Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен отырысында.
«Біз уағдаласып, құжаттың мәтініне біраз өзгерту енгіздік және оны нақты келістік. Бүгін ол құжатқа қол қойылады», - деп мәлім етті В.Путин.
Аталмыш құжат Санкт-Петербор келісімі деп аталатын болады.