ТМД маман-кинологтарының арасындағы жарыста қазақстандық шекарашылар жалпыкомандалық есеп бойынша ІІ орын иеленді

Жеке жарыстарда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мамандарына тең келетін ешкім болмады. Естеріңізге сала кетейік, ТМД елдерінің шекаралық ведомстволарының кинологтары өзара бес күн бойы жарысып, жеңіс үшін тер төкті.
Дрессировканың жалпы курсы бойынша прапорщик Камиль Шайхулин (2125 әскери бөлімі) өзінің төрт аяқты «Беки» атты досымен бірге өте жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Ал жарылғыш заттарды іздестіру бойынша К.Шайхулин мен «Беки» ІІ орынды иеленді, алдарына тек Ресейлік әріптестерін ғана жіберіп алды.
Есірткілік заттарды іздестіру бойынша прапорщик Бақытжан Мырзахметов (2088 ә/б) «Рекс» есімді неміс тұқымдас овчаркасымен бірге І орынға көтерілді. Жалпы дрессировка курсы бойынша да осы жұп қола жүлдені қанжығаларына байлады.
Ең үздік із кескіш ит байқауы бойынша келісімшарт сержанты Арын Жексеналиевтің (2125 ә/б) «Гектар» есімді досы ІІІ орынды иеленді.
Ал қазақстандық шекарашылардың командасын Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Кинологиялық орталығының бастығы подполковник Нұрболат Әбдіқалықов бастап барды.