ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінде тұрақты даму және ТМД аумағындағы қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды

Елбасының атап өтуінше, кеңес отырысы барысында тұрақты даму және ТМД аумағындағы қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Жұмыс қорытындысы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы кеңес халқы жеңісінің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық туралы» шешім қабылданды. Бұл ретте ТМД мемлекеттері басшылары бұл атаулы датада тірі қалған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету керектігін ерекше атап өтті. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс ТМД елдерін біріктіретін басты тарихи оқиға болып табылады.
Айта кетерлігі, «Достастықтың мәдени астанасы» мемлекетаралық бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама тату көрші, дәстүрі мен әдеп-ғұрыптары ортақ ТМД халықтарын жақындата түсуде зор маңызға ие. Бұл ретте оның аясында Астана мен Түркіменстанның Мары қаласының Достастықтың мәдени астана деп жарияланғандығын атап өткен орынды.
Сондай-ақ, есте болса 2013 жыл ТМД елдерінде Экологиялық мәдениет және қоршаған ортаны қорғау жылы болып жарияланған болатын. Бұл ретте жиынға қатысқан Мемлекет басшылары өз елдерінде сәйкесінше іс-шаралар өткізу осы саладағы мемлекетаралық әріптестікке қарқын береді деген ортақ пайымға келді.