ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесі Молдовадағы жағдай туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы істер министрлері кеңесі Молдовадағы жағдай туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. ТМД Сыртқы істер министрлерінің отырысы бүгін Ашхабадта өтті.
Мәлімдемеде сыртқы саясат ведомстволарының басшылары даулы жайларды күшпен шешуге тырысуды айыптады. Олар тараптарды елде конституциялық тәртіпті сақтауға және халықаралық байқаушылар таныған парламенттік сайлау қорытындыларын басшылыққа алуға шақырды. Бұл туралы ҚазАқпаратқа ТМД Атқарушы комитетінен хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, отырыстың күн тәртібіне 20-ға тарта мәселе енгізілді. ТМД СІМ басшылары 2009-2010 жылдарға арналған гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы басымдықты шараларын, ТМД елдерінің келісілген көші-қон саясаты жөніндегі ұсыныстар әзірлеу тобы жұмысының қорытындыларын, 2010 жылдарға дейінгі кезеңге арналған білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін және басқа да өзекті тақырыптарды талқылады.
Сондай-ақ Кеңесте алда болатын Үкімет басшылары отырысы күн тәртібінің жобасын бекітті.