ТМҰ-ға мүше елдер ғарыш агенттіктері басшыларының келесі кездесуі Қазақстанда өтпек

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев ғарыш агенттіктері басшыларының 2027 жылы өтетін кездесуін Қазақстанда ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

ТМҰ-ға мүше елдер ғарыш агенттіктері басшыларының кездесуі
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бұл туралы ол Ташкентте өткен Space Technology Conference конференциясы барысында мәлім етті.

- Мен қазақ тарапынан 2027 жылы ғарыш агенттіктері басшыларының келесі, алтыншы кездесуін өткізу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Өздеріңіз білетіндей, ресми Астана бізді былтыр қабылдауы тиіс болған. Алайда, 2025 жылы Әзербайжан, ал биыл Өзбекстан бұл іс-шараны өздерінің аумағында өткізуді өтінді. Сондықтан келесі жылы біздің кездесу Қазақстанда өтеді деп сенемін, - деді Кубанычбек Омуралиев.

Іс-шара аясында Kazinform тілшісіне сұхбат берген ҚР Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Шүленбаев аталған ақпаратты растады.

- Конференция жыл сайын өткізіледі. Енді оны Қазақстанда ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бізде 7-9 қыркүйек аралғында Астана қаласында Space Days Kazakhstan іс-шарасы болады, - деді Қуандық Шүленбаев.

Еске салайық, аталған конференция барысында 2027 жылы ғарышқа шығарылатын түркі елдерінің бірлескен спутнигі таныстырылды.

Мұнымен бірге жақында космосқа аттанатын тұңғыш өзбек ғарышкеріне қойылатын талаптар жарияланды.

Қоса кетсек, биыл Өзбекстан мен Қытай ғарышқа Жерді қашықтықтан зондтайтын спутник ұшыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, Өзбекстан 2028 жылы «Mirzo Ulug’bek» спутнигін ғарыш кеңістігіне шығарады.