ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы артып келеді – Қанат Шарлапаев

АСТАНА. KAZINFORM – Енді сауда қатынасынан өндірістегі серіктестікке көшу маңызды. Бұл жөнінде Түркі мемлекеттерінің сауда-өндірістік палаталары одағының төрағасы, «Атамекен» ҚР ҰКП президиум төрағасы – басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді.

Қанат Шарлапаев
Фото: Үкімет

Ол «Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің экономикалық интеграциясы және ынтымақтастығы: өндіріс, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және цифровизация салаларындағы жаңа мүмкіндіктер» бизнес форумында аталған тақырыпқа тоқталды.

– Елдеріміздің арасындағы тауар айналымы артып келе жатыр. Бірақ шикізат және дайын өнім саудасымен шектелмеуіміз керек. Мысалы, Қазақстан және ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы биыл қаңтар-ақпан айларында 2,4 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы мерзімнен 40%-ға жоғары, - деді Қанат Шарлапаев.

Оның сөзінше, енді түркі елдері сауда қатынасынан бірлескен өндіріске көшуі қажет. Өйткені, өндірістегі серіктестік экономика интеграциясына оң әсер етеді.

– Astana Hub тәрізді IT бастамалар тиімділігін дәлелдеді. Бірақ шын мәніндегі интеграция түркі мемлекеттері арасында бірыңғай цифрлық кеңістік құрғанымызда ғана басталады, - деді Түркі мемлекеттерінің сауда-өндірістік палаталары одағының төрағасы.

Оның мәлімдеуінше, ТМҰ аумағында сенімді жеткізушілердің бірыңғай тізілімін қалыптастырған жөн. Ол өндірушілер мен тұтынушылар арасында арақашықтықты қысқартуға, ашықтықты қамтамасыз етуге және жеткізу уақытын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қанат Шарлапаевтың Түркі интеграциясының XXI ғасырдағы моделін қалыптастыру жөніндегі мәлімдемесін жариялағанбыз.