ТМҰ саммиті қарсаңында Астанада түркі әлемінің ортақ болашағы талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – 29-30 қазан күндері Анкара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-ші ресми саммиті өтеді. Осыған орай елордада ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің өкілдері түркі әлемінің ортақ болашағы мен стратегиялық әлеуетін талқылады.
Панельдік кездесулер сериясы ТМҰ-ға мүше мемлекеттерде өтеді және ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау, ынтымақтастықтың перспективалары және заманауи сын-қатерлерге бірлесіп жауап беру мәселелеріне арналған.
Астанада өткен жиында түркі әлемінің бірыңғай әліпбиге көшуі, ортақ тіл мен тарихтың халықтарды жақындастырудағы рөлі, экономикалық және стратегиялық әріптестікті дамыту, академиялық және мәдени байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Анкарадағы саммит – ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
Жиынға Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран видеоүндеу жолдап, алдағы Анкара саммиті түркі елдері арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуда жаңа кезеңге жол ашатынын атап өтті.
– 29 қазанда еліміз төрінде Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 13-ші отырысы, ал 30 қазанда Мемлекет басшыларының саммиті өтеді. Аталған маңызды кездесулер елдеріміздің бірлесе ілгерілеу жолындағы жаңа белес болмақ, – деді ол.
Оның айтуынша, ТМҰ-ға төрағалықты қабылдайтын Түркия түркі әлемінің институционалдық ықпалдастығын нығайтып, жаһандық деңгейдегі беделін одан әрі арттыруға ниетті.
Бурханеттин Дуран одан әрі жақындасудың берік негізі ретінде ортақ тарих, тіл мен мәдениетті атады.
– Түркі әлемі туралы сөз қозғағанда, ортақ тарихымызбен біте қайнасқан тамыры терең түркі өркениеті, сондай-ақ тілдік және мәдени кеңістігімізді меңзейміз. Осы берік мұрамыз халықтарымызды тығыз байланыстырып қана қоймай, бүгінгі күнгі бағыт-бағдарымызды айқындап, келешек ортақ мақсаттарымызды қалыптастырады, – деп атап өтті ол.
Орта дәліз, энергетика және жаңа технологиялар
Панельдік пікірталаста түркі мемлекеттерінің экономикалық және стратегиялық әлеуетіне де ерекше назар аударылды.
Б. Дуранның айтуынша, қазіргі таңда халықаралық жүйе геосаяси бәсекелестіктің күшеюі, жеткізу тізбектерінің осалдығы, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, климаттың өзгеруі, көші-қон, киберқауіптер және жалған ақпараттың таралуы сияқты бірқатар сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр.
Оның пікірінше, мұндай жағдайда түркі мемлекеттеріне өзара іс-қимылды үйлестіріп, ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажет.
Перспективалы бағыттардың қатарында спикер Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз), энергетикалық және көлік желілерін, сауда ықпалдастығын, цифрлық экономиканы, жасанды интеллектіні, сондай-ақ табиғи апаттар мен төтенше жағдайларды басқару саласындағы өзара іс-қимылды атады.
– Көптеген салада дамып келе жатқан әріптестік түркі әлемінің зор әлеуетін айқын көрсетеді, – деді Түркия Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасының басшысы.
Өз кезегінде Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу кең географиялық кеңістік, энергетикалық ресурстар мен көлік-транзиттік мүмкіндіктер түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Біз елдеріміз өте ауқымды географиялық аумақта орналасқан. Халықтарымыздың энергетикалық әлеуеті зор, стратегиялық маңызы мен көлік-транзиттік мүмкіндіктері кең. Сонымен бірге осы мүмкіндіктермен қатар, тәуекелдерді де бірге қарастыруымыз қажет, – деді дипломат.
Ол түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың негізі сонау 1992 жылы қаланғанын және бұл байланыстар жаңа мазмұнмен толығып, одан әрі дамып келе жатқанын атап өтті.
Ғылыми және гуманитарлық байланыстар
Талқылаудың маңызды бөлігі түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық және академиялық байланыстарға арналды.
Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу ғалымдар арасындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ ортақ түркі әліпбиін қалыптастыру жұмыстарын ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай бастамалардың практикалық қана емес, тарихи маңызы да зор. Өйткені олар халықтардың одан әрі жақындасуына ықпал етеді.
Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Бюлент Байрам Астанадағы кездесу ғылыми мекемелер арасында келісімдерге қол қоюмен ғана шектелмейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай пікірталастардың негізгі мақсаты – ауқымды мәселелерді талқылап, ынтымақтастықты дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру.
– Бұл қандай да бір бір құжатқа қол қоюмен шектелетін кездесу емес. Жиынға қатысып отырған ғалымдардың университеттер мен жоғары оқу орындары арасында қалыптасқан байланыстары бар. Университет басшылары мен ректорлары өзара байланыс орнатып, тиісті келісімдерге қол қойып келеді. Алайда біздің бұл жердегі міндетіміз әлдеқайда ауқымды. Біз тұтас мәселелер кешенін қарастырамыз. Әр баяндамашының өз тақырыбы бар және сол мәселелерді бірге талқылаймыз, – деді Б. Байрам.
Академия өкілі жиынға мемлекеттік құрылымдарда жауапты қызмет атқаратын өкілдер де қатысып отырғанын баса айтты. Сондықтан мұндай пікірталастар жаңа идеялар мен тәсілдердің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін.
– Кездесуге қатысушылардың көпшілігі мемлекеттік қызметте және жауапты лауазымдарда жұмыс істейді. Мұнда өтіп жатқан талқылаулар оларға белгілі бір көзқарас қалыптастырып, жаңа идеялар ұсынуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз да осы, – деп қосты ол.
Б. Байрамның айтуынша, мұндай іс-шаралар Қазақстанда ғана емес, түркі әлемінің өзге де мемлекеттерінде өтіп жатыр. Олар алдағы ТМҰ саммитіне дайындық тұрғысынан да маңызды.
– Келесі айда Түркияда ТМҰ-ға мүше елдердің Мемлекет басшыларының кездесуі өтеді. Мұндай іс-шаралар Қазақстанда ғана емес, басқа да мемлекеттерде ұйымдастырылып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі кездесуімізді алдағы саммитке дайындықтың бір бөлігі деп айтуға болады, – деп түйіндеді ол.
2040 жылға дейінгі ортақ көзқарас
Спикерлердің сөзінде Түркі әлемін 2040 жылға дейін одан әрі дамытуға қатысты ортақ көзқарасқа ерекше мән берілді. Елші Мұстафа Капуджу «Түркі әлемі – 2040» тұжырымдамасында айқындалған мақсаттар – ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттер екенін атап өтті.
– Алдымызда тұрған мақсаттар – жай ғана ниет емес, ортақ болашақты қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттер. Бұл мақсаттар түркі мемлекеттері қабылдаған «Түркі әлемі – 2040» құжатында бекітілген, – деді елші.
Оның айтуынша, 2040 жылға дейін қолда бар ортақ мүмкіндіктерді бірлескен дамудың және халықтардың әл-ауқатын арттырудың негізіне айналдыру қажет.
– Осы тұрғыдан алғанда, түркі әлемінің болашағы жарқын деп есептеймін. Егер біз «Түркі әлемі – 2040» пайымын жүзеге асыра алсақ, барлық елдер, соның ішінде мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдер де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе алады, – деді ол.
Медиа және ақпараттық қауіпсіздік
Кездесуде медиа және коммуникациялар саласындағы ынтымақтастық мәселесі де талқыланды. Бурханеттин Дуран цифрлық дәуір жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанымен, ақиқатқа нұқсан келтіретін жаңа қауіп-қатерлерді де ала келгенін айтты.
– Жалған ақпарат, өшпенділік тілі мен цифрлық манипуляция қоғамымыздың тыныштығына, мемлекеттік институттарға деген сенімге және елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа кері әсер етуі мүмкін, – деді ол.
Сондықтан түркі мемлекеттері ретінде медиа және коммуникация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, ақпарат пен тәжірибе алмасуды арттырып, ортақ платформаларды дамыту және коммуникациялық әлеуетті күшейту қажеттігі айтылды.
Б.Дуранның айтуынша, Анкарадағы саммит қарсаңында өткізіліп жатқан панельдік кездесулер түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды талқылайтын алаңға айналуы керек.
Іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, мемлекеттік органдар мен талдау орталықтарының басшылары мен сарапшылары, білім және ғылым саласының өкілдері, түрколог ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистер қатысты.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) кеңістігі үшін елдер арасындағы саяхатты жеңілдету және мәдени ынтымақтастықты жандандыру үшін жаңа бастамалар әзірленіп жатыр.