Төбелес жиі болатын көңіл көтеру мекемелерінің жұмысын тоқтату ұсынылды
Бас прокурор Берік Асылов отбасындағы зорлық-зомбылықтың және қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында жанжал мен қылмыс жиі тіркелетін мекемелердің жұмысын тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.

Бас прокурор ішімдік тұтынуға және көңіл көтеруге арналған мекемелердің жауапкершілігін арттыру бағытында түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін айтады.
«Келушілер арасында болған жанжал туралы мәлімдемеген мекемелердің әкімшілігіне жауапкершілік енгізу керек. Бұл – олардың әлеуметтік міндеті. Ондай мекемелерде заң жиі бұзылса, жұмысын уақытша тоқтату керек немесе қызметін жауып тастау керек», – деді Берік Асылов.
Бас прокурор «Әділетті Қазақстанды» заң мен тәртіп үстем болған кезде ғана құруға болатынын атап өтті.
«Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, ұрлау, тонау, адам өлтіруге дейінгі қылмыстардың барлық түріне қарсы тұру – бүгінгі заман талабы.
Әсіресе әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар халықтың наразылығын туғызады.
Қазақстан қоғамы бүгінгі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шұғыл және қатаң шараларды қолдануды талап етуде.
«Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген терең мағыналы сөз бар. Әрбір отбасы қоғамның бір бөлшегі, шағын мемлекет», – деді ол.