Тоқаев Alatau City жобасындағы жер мәселесін шұғыл шешуді тапсырды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы құрылысты толық әрі қарқынды жүргізу үшін жер мәселесін шұғыл шешу керек екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Жұмысты дұрыс ұйымдастырсақ, Alatau city жобасы құрылысқа және жалпы ел экономикасына мықты серпін беретіні анық.
Құрылысты толық әрі қарқынды жүргізу үшін жер мәселесін шұғыл шешу керек.
Алматы облысының жері өте шұрайлы екені баршаға мәлім. Қаладағы және іргелес аумақтағы жер телімдерінің көпшілігі жеке меншікте немесе ұзақ мерзімге жалға берілген. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін игерілмей жатыр, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев құрылысы басталған жобалардың саны жоспарға сай емес, яғни, әлдеқайда аз екенін айтты.
— Мемлекет қажетті нысандар салып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай бүкіл жұмысқа үлкен кедергі келтіріп отыр.
Өкінішке қарай, құрылысы басталған жобалардың саны жоспарға сай емес, яғни, әлдеқайда аз. 2024-2025 жылдардың өзінде қолданылмай жатқан 16 мың гектардан астам жер анықталды. Бірақ оның бар-жоғы 688 гектары ғана мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс көптен шешімін таппай келе жатқан шектеулер мен рәсімдік кедергілерге байланысты өте баяу жүріп жатыр.
Осы мәселе бойынша билік мекемелерінің қауқарсыздық көрсетуге хақы жоқ, — деді ол.
Айта кетелік Мемлекет басшысы Алатау қаласының даму барысымен танысқан еді.