Тоқаев: Орталық Азияға тартылған инвестицияның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі
ТАРАЗ. KAZINFORM — Президент «Орталық Азия плюс» форматына сұраныс артып келе жатқанын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, биыл аймақ елдері Еуропа Одағымен, Италиямен, Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен және Жапониямен бірлескен келіссөздер жүргізді.
— Аймаққа тартылған инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Инвестициямен бірге жаңа технология, білім келеді, бірлескен ғылыми-техникалық орталықтар мен шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Қазақстан тауарлары мен отандық бизнеске кез келген шекара ашық. Сондықтан барша шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық құру — заман талабы, тіпті, өмірлік қажеттілік. Осылайша, Қазақ елі жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Біз осы бағыттан таймай, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек, — деді Тоқаев
Осыған дейін Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Dala Glass әйнек өндіретін кәсіпорын қызметімен танысқанын жазғанбыз.
Сондай-ақ жамбылдықтармен кездесуде Президент елімізде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім соңғы он жылда 2,5 есе өскенін айтты.