Тоқаев барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.

Таза Қазақстан
Фото: Ақорда

— Менің бастамаммен былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан астам адам қатысты. 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналды. 3,3 миллион көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан», бұл — біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза я тазалық, бұл — киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды. Біз «Қазақстан — ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек. Ассамблея бұл идеяны жан-жақты дәріптеп келеді. Бұл — өте тиімді әрі пайдалы жұмыс. Тазалық әр үйден басталуы керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» боламыз, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өсетінін еске салды.

— Сондықтан бүгін мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырамын. Бұл — жай науқан емес, бұл — өскелең ұрпаққа озық білім мен тәлім-тәрбие беру деген сөз. Баршамызға қатысы бар идеологиялық маңызды іске әр қаланың, ауылдың, көшенің және ауланың тұрғындарын жұмылдыру керек. «Таза Қазақстан», бұл — шынайы отаншылдықтың көрінісі. Бәріміз Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді, — деді Президент.

Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр. Кеңейтілген отырыстың күн тәртібі — «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер».

Бұған дейін Президент этносаралық қатынас мәселесін ешқашан саясат құралына айналдыруға болмайтынын айтты.

Сонымен қоса Тоқаев Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмағанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар