Тоқаев: еліміз «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан» дәлізін дамытуға үлес қосуға дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Пәкістанмен арада сауда-саттық пен инвестиция ауқымын кеңейтеді. Бұл туралы Пәкістанның The News International газетіне сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
– Экономикалық ынтымақтастық және өңіраралық байланыс өзара серіктестігімізде айрықша мәнге ие. Біз ізгі саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге жету үшін жұмсағымыз келеді. Атап айтқанда, сауда-саттық пен инвестиция ауқымын кеңейтіп, халықтарымыз арасындағы байланысты жандандыруға ниеттіміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент аймақаралық байланысты дамыту күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе екенін айтты.
- Бұл ретте Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан дәлізін құру жобасына үлес қосуға әзірміз. Біздің ойымызша, бұл жобаның өңірлерді байланыстырып, Оңтүстік Азия нарығына шығу тұрғысынан стратегиялық маңызы зор. Пәкістанның осы стратегиялық бағытта елімізбен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екені қуантады. Мүдделі тараптар көлік-транзит жобаларын табысты жүзеге асыруға белсенді атсалысып, ортақ іске жұмыла кіріседі деп үміттенеміз, - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды.