Президент Қазақстанда эстон скрипкашысының концертін өткізу туралы ұсынысты қолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда Эстонияның танымал сурипкашысы Ханс Кристиан Аавиктің концерті ұйымдастырылады. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Кариспен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдете отырып, біз достығымызды одан әрі нығайта аламыз. Белгілі эстон скрипкашысы Ханс Кристиан Аавиктің концертін ұйымдастыру бастамаңызды құптаймын. Сондай-ақ ұлттық музейімізде өтетін «Hand in Glove» атты көрмені және ұлттық академиялық кітапханада эстон әдебиеті бұрышының ашылуын асыға күтеміз, - деді Президент.
Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың да келешегі зор екенін айтты.
- Қазақстандық бірқатар студент сіздердің жетекші жоғары оқу орындарыңызда көпжақты деңгейде білім алып жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Президентін Ақордада қарсы алды.
Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді.
Қазақстан Эстонияны Балтық өңіріндегі маңызды әріптес ретінде қарастырады.