Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесінің құрметті төрағасы болып сайланды
«Кеңес халықаралық қатынастар саласындағы отандық сарапшыларды біріктіру және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамаларын ілгерілету, сондай-ақ жаһандық тұрғыдағы күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерді талқылау және ұсыныстар әзірлеу үшін құрылды», - делінген ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Әлем дамуындағы ағымдарды жан-жақты әрі терең талдау негізінде Кеңес Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі мәселелер бойынша инновациялық қадамдар әзірлейтін алаң болуы тиіс», - деп атап өтті.
Отырыс барысында құрылған органның 2017 жылы қызметінің негізгі бағыттары белгіленді. Шетелдік әріптестердің қатысуымен сарапшылар форумын өткізу, зерттеу гранттары мен стипендиялар тағайындау, сондай-ақ жас сарапшыларға арналған Жазғы мектеп ұйымдастыру жоспарда тұр. Саясаттанушы Ерлан Карин кеңестің төрағасы болды. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, отандық жетекші талдау орталықтарының басшылары кеңес төралқасының құрамына енді.