Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Токиода жаңбыр маусымы аяқталып, ауа температурасы 35°C-тан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның астанасы Токиода жаңбыр маусымы аяқталып, ауа температурасы 35°C-қа жетті. Елде биыл алғаш рет аптап ыстық тіркелді, деп хабарлайды Kyodo News агенттігі.

Токиода жаңбыр маусымы аяқталып, ауа температурасы 35°C-тан асты
Фото: Kyodo News

Жапония метеорология агенттігінің мәліметінше, Токио мен Нагоя сияқты өңірлерде жаңбырлы маусым аяқталған болуы мүмкін. Токиода ауа температурасы 35°C-қа жетіп, биылғы алғашқы аптап ыстық тіркелді.

Үш күндік демалыстың соңғы күнінде Жапонияның басым бөлігінде аптап ыстыққа байланысты ескерту жарияланды. Агенттік мәліметіне сәйкес, дүйсенбі күні сағат 18:00-дегі жағдай бойынша елдегі 914 метеобақылау пунктінің 250-ден астамында ауа температурасы 35°C және одан жоғары болған. Бұл – биылғы ең жоғары көрсеткіш.

Жапония метеорология агенттігінің дерегінше, Токионың батысындағы Яманаси префектурасының Косю қаласында ауа температурасы 39,4°C-қа дейін көтерілсе, Токио қаласының орталығында 36,1°C болған.

Токио кіретін Канто–Косин өңірінде жаңбырлы маусым былтырғыға қарағанда шамамен 22 күн кеш аяқталды. Ал орталығы Айти префектурасындағы Нагоя қаласы саналатын Токай өңірінде бұл мерзім 23 күнге кешікті.

Бұған дейін, 13 шілдеде Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю өңірінде жаңбырлы маусымның аяқталғаны жарияланған болатын.

Метеорология агенттігінің болжамынша, сейсенбі күні де жоғары температура сақталады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы аптап ыстық рекорд жаңартқанын жаздық.

Ал Еуропадағы аптап ыстықтан 12 мыңнан астам адам көз жұмды.