Токиоға квалификациялық жарыс: Бекзат Нұрдәулетов чемпион болды

АММАН. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Бекзат Нұрдәулетов қазақ боксшылары арасынан алғашқы «алтынды» жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Токиоға квалификациялық жарыс: Бекзат Нұрдәулетов чемпион болды

81 келі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз Бекзат Азия-Тынық мұхиты аймағынан Олимпиадаға іріктеу турнирінің чемпионы атанды.

Ол финалда австралиялық боксшы Пауло Аокусомен қолғап түйістірді. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер қазақ боксшысын бірауыздан жеңімпаз деп тапты. Есеп - 5:0.

Осылайша, Бекзат қазақстандық боксшылар арасынан олимпиадалық іріктеу турнирінде бірінші болып топ жарды.

Бұған дейін финалға шыққан екі боксшымыз - Зәкір Сафиуллин мен Әбілхан Аманқұл «күмісті» қанағат тұтқан еді.

Аздаған уақыттан соң рингке Василий Левит шығып, алтын медаль үшін таласатын болады.