Томирис Нұржан Тунистегі турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды
ОРАЛ. KAZINFORM — Тунистің Картаж қаласында жасөспірімдер арасында өткен ITF J60 турнирінде қазақстандық Томирис Нұржан топ жарды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Томирис жекелей және жұптық сында да үздік шықты.
Т.Нұржан жекелей сында финалда доданың 1-ракеткасы, тунистік Надин Хамруниді қапы қалдырды – 7:5, 6:3.
Томирис жұптық сында тунистік Мелек Гамаунмен бірге соңғы бәсекеде франциялық Нейруз Мерьям Годбейн – тунистік Нур Санунмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-тунистік дуэт камбэкпен жеңіске жетті – 4:6, 6:3, 10:8.
Осылайша, 16 жастағы Томирис Нұржан турнирдің абсолютті чемпионы атанды.
Бұған дейін қазақстандық теннисші биыл Испания мен Алжирде өткен ITF J60 санатындағы турнирлерде де жеңімпаз болған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның әлемдік рейтингіде жоғары көтерілгенін жазған едік.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.