Трамп Федералдық қор жүйесінің басшысы лауазымына өзінің жеке кеңесшісін ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Федералдық қор жүйесі Басқарушылар кеңесінің бұрынғы мүшесі Кевин Уорш АҚШ Сенаты бекіткеннен кейін оның жаңа төрағасы болады. Ол бұған дейін Дональд Трампқа экономикалық саясат мәселелері бойынша кеңес берген, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі. 

Кевин Уорш
Фото: Scanpix

АҚШ президенті Дональд Трамп Джером Пауэлдің мерзімі мамыр айында аяқталғаннан кейін Федералдық қор жүйесін (ФҚЖ) басқару лауазымына Кевин Уоршты ұсынды.

- Мен Кевинді көптен бері білемін және оның тарихта ФҚЖ-ның ең ұлы, тіпті ең үздік төрағаларының бірі ретінде қалатынына күмәнім жоқ. Сонымен қатар ол мінсіз және көңіліңізді ешқашан қалдырмайды, - деп жазды Трамп жұма, 30 қаңтарда өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі аккаунтында.

Уорштың кандидатурасын АҚШ Сенаты растауы керек.

Кевин Уорш 2006-2011 жылдар аралығында ФҚЖ Басқарушылар кеңесінде қызмет етті, тағайындалған кезде жасы 35-те еді. Ол ФҚЖ тарихындағы ең жас мүше болды. Уорш бұған дейін Morgan Stanley компаниясында бірігулер мен сатып алуларға маманданған банкир болып жұмыс істеді және атап айтқанда, Трампқа экономикалық саясат мәселелері бойынша кеңес берді. Bloomberg агенттігінің бұған дейін хабарлауынша, Ақ үй оны жетекші кандидат ретінде қарастырып отыр.

АҚШ президенті ФҚЖ қазіргі басшысы Джером Пауэлді негізгі пайыздық мөлшерлемені айтарлықтай төмендетуден бас тартқаны үшін сынға алып, қаңтарда оны «ақымақ» деп атап, қызметінен босатуға уәде берді. Уорш та ФҚЖ-ны жиі сынға алды. Трамп Пауэлді өзінің бірінші президенттік мерзімінде ФҚЖ төрағасы етіп тағайындаған. Өкілеттік мерзімі 2026 жылдың мамыр айында аяқталатынына қарамастан, ол Басқарушылар кеңесінің құрамына 2028 жылдың қаңтарына дейін кіреді.

Бұған дейін Трамп ФҚЖ төрағасы қызметіне үміткерлер санын азайтқанын жаздық. 

Соңғы жаңалықтар