Трамп: Иран қарымта шабуыл жасаса, АҚШ «әлдеқайда ауқымды» соққы береді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран қарулы күштері жауап қайтарған жағдайда ел аумағына «бұдан да ауқымды» соққы жасалатынын мәлімдеді. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.

Дональд Трамп
Фото: Анадолу

Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында АҚШ-тың Иранға жаңа соққылар жасап жатқанын хабарлады.

– Қазір АҚШ Ормуз бұғазы маңындағы Иран нысандарына соққы жасап жатыр. Бұл соққылар – ауқымды әрі қуатты, – деді ол.

АҚШ президентінің айтуынша, бұл шабуылдар Иранның Ормуз бұғазына қайтадан теңіз миналарын орналастыру әрекетіне, сондай-ақ Иорданиядағы америкалық базаға сегіз зымыран ұшыруына жауап ретінде жасалған.

Сондай-ақ Трамп Тегеранды жауап әрекеттерінен бас тартуға шақырды.

– Егер Иран мемлекеті осы толық негізделген соққыға жауап беруге шешім қабылдаса, оған бұдан да жойқын әрі ауқымды соққы жасалады, – деді ол.

Трамптың сөзінше, Иранға қарсы «ең ірі» шабуыл әлі жасалған жоқ және мұндай соққы елге орасан зор залал келтіруі мүмкін.

Бұған дейін АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде Ислам революциясы сақшылар корпусының нысандарына шабуыл басталғанын хабарлады. Мәлімдемеде бұған Иранның Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне және аймақтағы америкалық қызметкерлерге «шабуыл жасау әрекеттері» себеп болғаны айтылған.

Иран қарулы күштері де АҚШ-тың шабуылдарына жауап қайтаратынын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, АҚШ Ирандағы Ислам революциясы сақшылар корпусы нысандарына шабуыл бастаған еді.

Сондай-ақ Ормуздағы шиеленіс салдарынан 400 кеме мен 6 мың теңізші Парсы шығанағынан шыға алмай отырғанын жаздық. Халықаралық теңіз ұйымының мәліметінше, қақтығыс басталғалы халықаралық кеме қатынасына кемінде 70 шабуыл жасалып, 19 теңізші қаза тапқан.

Сондай-ақ АҚШ пен Иран арасындағы соғысқа алты ай толғанын және қақтығыс неге тығырыққа тірелгенін саралап көрдік.

Ал дүйченбі күні АҚШ бірнеше аптадан бері алғаш рет Иранға шабуыл жасағаны хабарланды. ИРСК бұл шабуыл Американың Ларак аралына берген соққыларына жауап екенін мәлімдеді. АҚШ өкілі жексенбі күні АҚШ әскери күштері Иранның Ларак аралындағы ұшыру қондырғыларына соққы бергенін растады. Бұл шілде айының соңынан бергі америкалықтардың Иранға жасаған алғашқы шабуылы.