Трамп Иранның соғысты тоқтату жөніндегі ұсыныстарын қабылдамады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Вашингтон ұсынған соғысты тоқтату жоспарына қатысты қарсы ұсыныстарын қабылдамады. Бұл туралы BBC хабарлады.
Басылым мәліметінше, АҚШ пен Иран арасындағы делдал қызметін атқарып отырған Пәкістан премьер-министрі Тегеранның жоспары алынғанын растаған.
АҚШ өз ұсыныстарын ресми түрде жариялаған жоқ. Алайда БАҚ дерегіне сәйкес, мұндағы басты мәселе Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге жол ашуы мүмкін 14 тармақтан тұратын меморандум туралы болып тұр.
Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Иран өкілдерінен келген жауаппен танысқанын жазды.
– Маған ол ұнамады. Мүлде қабылдауға келмейді! – деп мәлімдеді Дональд Трамп.
Сонымен бірге АҚШ президенті америкалық жоспардың нақты мазмұнын және Иран жауабының мәнін ашып айтпады.
Хабарламада атысты тоқтату режимі жалпы сақталып отырғаны айтылған. Дегенмен аймақта жүк кемелеріне шабуылдар мен ұшқышсыз аппараттардың соққылары жалғасуда.
Иран Ормуз бұғазын бұғаттауды жалғастырып отыр. Бұл әлемдік мұнай бағасының өсуіне әсер етуде.
Ал АҚШ Иран порттарына қатысты блокаданы күшейтіп, Тегеранға қысымды арттыруға және өз шарттарына көндіруге тырысып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ирандағы қақтығыс салдарынан әлемдік мұнай қорының жылдам азайып бара жатқаны хабарланған еді.