БАҚ: Иран мұнай қоймалары толып кетпеуі үшін өндірісті қысқарта бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Иран АҚШ-тың теңіз блокадасы аясында мұнай қоймаларының толып кетуіне жол бермеу үшін мұнай өндіру көлемін қысқартып жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жоғары лауазымды ирандық шенеунікке сілтеме жасап хабарлады, деп Белта жазды.
Ормуз бұғазындағы америкалық шектеулерге байланысты соңғы апталарда иран мұнайының экспорты күрт төмендеп, қоймалар тез тола бастаған.
Сонымен қатар жарияланымда Вашингтон ескере бермейтін маңызды жайт атап өтіледі: Тегеран мұндай сценарийлерге алдын ала дайындалу тәжірибесіне ие. Осыған байланысты Иран билігі мұнай қоймалары толық толуын күтпей-ақ өндірісті кезең-кезеңімен қысқартуға кіріскен.
Ирандық инженерлердің тәжірибесі мұнай ұңғымаларын елеулі шығынсыз уақытша тоқтатып, кейін өндірісті жедел қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеранның аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін әділ шешімге қол жеткізу үшін дипломатиялық үдерісті жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Алайда, оның айтуынша, бұл АҚШ ұстанымының өзгеруіне байланысты. Ол сондай-ақ иран порттарына қойылған блокаданы халықаралық құқық нормаларына қайшы әрі қабылдауға болмайтын әрекет деп атап өтті.
Айта кетейік, АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы 13 сәуірден бастап Иранға теңіз блокадасын енгізіп, ел порттарына бағытталған және одан шығатын барлық кемелер қозғалысын шектеуге ниетті екенін мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін мұнай бағасы АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздің өткізілмеуіне байланысты күрт өскенін жаздық.