Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарға 50 пайыздық баж салығын енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарға қосымша 50 пайыздық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Трамп
Фото: BBC

Жарлықта Канаданың кейбір мемлекеттермен саудада АҚШ-пен салыстырғанда анағұрлым қолайлы жағдай жасап, негізсіз шектеулер қолданатыны айтылған.

— Канада кейбір шетелдік елдермен саудада АҚШ-пен салыстырғанда анағұрлым тиімді шарттар ұсынып, кемсітушілік сипаттағы әрі негізсіз шектеулер енгізіп отыр, — делінген құжатта.

Бұған дейін Дональд Трамп Канаданың америкалық сүт өнімдеріне қатысты көп жылдан бері қолданып келе жатқан тарифтерін «мүлде қабылдауға болмайтын саясат» деп атаған еді.

Жаңа баж салығы 19 тамыздан бастап күшіне енеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім АҚШ пен Канада арасындағы сауда текетіресін одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Ақ үй жаңа тарифтер америкалық өндірушілер мен бизнестің мүддесін қорғау үшін енгізіліп отырғанын мәлімдеді.

Жаңа шектеулер күнделікті тұтыну тауарларынан бастап өнеркәсіптік өнімдерге дейінгі кең ауқымды қамтиды. Атап айтқанда, шарап, хоккей таяқшалары мен цементке баж салығы салынады. Ал энергия ресурстары, калий тыңайтқыштары, стратегиялық маңызы бар минералдар және балық өнімдері жаңа тарифтен босатылады.

Сонымен қатар АҚШ Канададан әкелінетін болат, алюминий және мысқа бұрыннан қолданыстағы 15-50 пайыздық тарифтерді сақтап қалды.

Бұдан бөлек, канадалық қылқанжапырақты ағаш материалдарына 35 пайыздық, ал АҚШ-та өндірілмеген автокөлік бөлшектеріне 25 пайыздық тариф күшінде қалады.

Өз кезегінде Канада да АҚШ-тан импортталатын болатқа, алюминийге және автокөліктерге 25 пайыздық өтемақы баж салығын қолданып келеді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық цифрлық қызметтерге салық енгізетін кез келген елдің АҚШ-қа экспорттайтын барлық тауарына 100 пайыздық кедендік баж салығы салынатынын мәлімдеген еді.