Трамп криптовалюта биржасының негізін қалаушыға кешірім берді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Binance криптовалюта биржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоны кешірді, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
Қытайдан шыққан канадалық миллиардер 2023 жылдың қарашасында биржаның бас директоры қызметін атқарып жүріп, ақшаны жылыстатуға көмектескенін мойындады. 2024 жылдың сәуірінде үкім шығарылғаннан кейін Чжао 4 ай түрмеде жазасын өтеп, 50 миллион доллар айыппұл төледі. Ал компанияға 3,4 миллиард доллар айыппұл салынып, оған АҚШ-та жұмыс істеуге тыйым салынды. Чанпэн Чжао былтыр қыркүйек айында босатылды.
— Президент Трамп өзінің конституциялық өкілеттігін пайдаланып, Байден әкімшілігі криптовалютаға қарсы соғысының бір бөлігі ретінде нысанаға алған Чанпэн Чжаоны кешірді, — деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт.
Ақ үй Байден әкімшілігі криптовалюта индустриясын тыю үшін Чжаоны жазалады деп санайды. Ал шын мәнінде ешкім алаяқтық жасады деп оның атына шағым түсірмеген, нақты жапа шегушілер де болмаған.
Forbes мәліметінше, Чанпэн Чжаоның байлығы — шамамен 86 миллиард доллар. 2017 жылы Binance негізін қалаған Чжао әлі де биржаның басым бөлігін иеленеді. Трамптың кешірімі Binance-қа АҚШ нарығына оралуға мүмкіндік береді.
Чанпэн Чжао мен Binance Трамп отбасының криптовалюта индустриясына салған инвестициясымен де байланысты. Трамптың ұлдары Эрик пен кіші Дональд былтыр World Liberty Financial компаниясын құрды.
Айта кетейік, осыған дейін Трамптың Қытаймен сауда қақтығысы туралы мәлімдемесі криптовалюта нарығын құлатқан болатын.