Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Трамп НАТО саммитінен кейін одақтастарына қатысты ұстанымын жұмсартты

АСТАНА. KAZINFORM – НАТО-ның Анкарадағы саммиті аяқталғаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп альянстағы одақтастарына қатысты ұстанымын жұмсартып, жиынның нәтижесін жоғары бағалады. Бұл туралы Euronews жазды.

Трамп НАТО саммитінен кейін одақтастарына қатысты ұстанымын жұмсартты
Фото: Ақ үй, Вашингтон

Саммит барысында Еуропа елдерінің көшбасшылары қорғаныс шығындарын едәуір арттырғанын көрсетіп, Трампты қорғаныс бюджеттерін ұлғайту және өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті көбірек өз мойнына алу жөніндегі уәделерін орындап жатқанына сендіруге тырысты.

Саммиттің негізгі отырысы аяқталған соң Дональд Трамп бұған дейін Иранға қарсы әскери науқанға қатысты одақтастарын қатаң сынға алғанына қарамастан, оларға қатысты көзқарасын өзгертті.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бірнеше сағаттың ішінде қарсы көзқарастан жылы қарым-қатынасқа ауысқан АҚШ президентінің саяси ұстанымының құбылмалылығын тағы бір рет көрсетті.

– Бұл шынымен де таңғаларлық болды. Залдағы бірлік ерекше сезілді. Тіпті махаббаттың лебі байқалды деуге болады. Мұның бәрі өте әсерлі өтті, – деді Трамп.

Ол бұл пікірін Анкара саммитіне қатысқан 32 ел көшбасшысының жабық отырысынан кейін журналистерге айтты.

– Бұл өте табысты саммит болды, – деп түйіндеді АҚШ президенті.

Еске сала кетсек, Анкарадағы саммит кезінде Трамп АҚШ Гренландияны бақылауға алуы тиіс екенін тағы мәлімдеді.