Трамп пен Мамдани текетіресі: Нью-Йорктің ендігі саясаты қандай болуы мүмкін
Трамп Мамданиді маусымдағы праймеризден кейін үнемі «коммунист» деп атап келеді және ол Нью-Йоркті басқарса, қала федералдық қаржыландырудан айырылуы мүмкін екенін ескертті.
Президент сайлау алдында тәуелсіз кандидат ретінде қатысқан экс-губернатор Эндрю Куомоны қолдап шыққан.
Мамданидің негізгі уәделері — қаладағы өмір сүру құнын төмендету, тегін экспресс-автобустар желісін іске қосу, жалдау ақысын бір қалыпта ұстап тұру, балабақша мен азық-түлік бағасын арзандату.
Алайда сарапшылардың айтуынша, Трамп әкімшілігінің әрекеттері бұл жоспарлардың жүзеге асуына айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін.
Президент Трамп федералдық қаржыландыруды қысқартып, Нью-Йорк қаласына бөлінген 18 млрд долларды уақытша тоқтатып қойған. Қала бюджетінің шамамен 7%-ы (8,5 млрд доллар) федералдық қаражат есебінен қалыптасады. Бұл қаражат әлеуметтік қызметтер, тұрғын үй, білім және апаттық көмек сияқты маңызды бағыттарға жұмсалады.
Принстон университетінің профессоры Джулиан Зелизердің пікірінше, мэр Мамдани уақытының көп бөлігін қала мәселелеріне емес, президенттің шабуылдарына қарсы күреске жұмсауына тура келеді. Бұл қаланың дамуын тежейді.
Мамдани сонымен қатар бай корпорациялар мен табысы жоғары тұрғындарға салықты арттыру арқылы 10 млрд долларлық жаңа табыс көзін ұсынған. Бірақ бұл бастаманы жүзеге асыру үшін штат губернаторының мақұлдауы қажет.
Сарапшылар Трамптың демократтар басқаратын қалаларға қарсы бұрынғы тәсілдерін қайта қолдануы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін ол Лос-Анджелеске, Портлендке және Вашингтонға Ұлттық гвардия жіберіп, «қылмыс деңгейі жоғары қалаларға федералдық араласу қажет» деп түсіндірген.
Профессор Зелизердің айтуынша, ол бұл әрекеттің үлгісін бұрыннан көрсетіп жүр. Сондықтан дәл сондай сценарий Нью-Йоркте қайталануы ғажап емес.
Иммиграциялық саясат та қатая түсуі ықтимал. Нью-Йорк — 1980 жылдардан бері иммигранттарға пана болып келген шаһар. Алайда Трамп әкімшілігі қаладағы иммиграциялық соттарда рейдтер мен тұтқындауларды жиілетіп келеді.
Мамдани өзі де иммигрант — Угандадан жеті жасында АҚШ-қа келген.
«Нью-Йорк — иммигранттар салған және иммигранттар көтеретін қала. Енді ол иммигрант басқаратын қалаға айналды. Президент Трамп, бірімізге жету үшін барлығымыздан өтуің керек», — деді ол өз сөзінде.
Мамдани қаңтарда қызметіне кіріседі. Columbia университетінің профессоры Боб Шапироның айтуынша, ол сол уақытқа дейін Трамп әкімшілігінің алғашқы шабуылдарына жауап беру стратегиясын әзірлейді.
Мэр әкімшілігі Трампқа қарсы әрекеттерге дайын болу үшін қалалық заң бөлімін 200 жаңа заңгермен толықтыруды жоспарлап отыр.
Гарвард университетінің сарапшысы Джастин де Бенедиктис-Кесснер атап өткендей, Мамдани Трампқа тек саяси мақсаттарына қол жеткізуге көмектесетін жағдайда ғана қарсы тұрады. Ал қажет болмаса, қарсыластықтан бас тартады. Бұл оның саяси ақылды шешім қабылдайтынын көрсетеді.
Зохран Мамданидің мэр ретіндегі алғашқы сынағы — Дональд Трамптың федералдық қысымы болмақ.
Сарапшылардың пікірінше, Нью-Йорк тарихындағы бұл қақтығыс демократиялық саясаттың жаңа кезеңін бастай алады: бір жағында – иммигрант мэр, екінші жағында – өз қаласын қайта бақылауға алғысы келетін президент.
Айта кетейік, Зохран Мамдани мэр болған жағдайда Трамп Нью-Йорк қаласын қаржыландыруды қысқартатыны хабарланған.