Трамп пен Маск арасындағы саяси жанжал қайта ушықты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның бұрынғы одақтасы, Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск арасындағы шиеленіс қайтадан өршіді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бұған себеп — елдегі бюджеттік шығындар туралы заң жобасының қабылдануы. Осыған байланысты АҚШ президенті Маскқа мемлекеттік субсидияларды алып тастап, оны Оңтүстік Африкаға «қайтаруға» қоқан-лоққы жасады.
The New York Times басылымының мәліметінше, миллиардер әрі Трамптың бұрынғы кеңесшісі Маск егер бұл ішкі саясатқа қатысты заң жобасы қабылданатын болса, өзі “Америка партиясын” құрып, Конгресстегі республикашылдардың көбіне қарсы шығатын кандидаттарды қолдайтынын мәлімдеді.
– Егер бұл ессіз шығындар туралы заң жобасы қабылданса, келесі күні-ақ «Америка партиясы» құрылады. Біздің елімізге демократтар мен республикашылардан тұратын бір партиялы жүйеге балама қажет. Адамдардың шын мәнінде дауысы болу керек, – деп жазды Илон Маск әлеуметтік желіде.
Маск нақты әрекетке көшемін деп уәде беріп, заң жобасына қарсы шыққан белгілі саясаткер Кентукки штатынан өкіл Томас Мэссиді қолдайтынын мәлімдеді.
Өз кезегінде Дональд Трамп Масктың SpaceX сияқты компаниялары алып отырған федералдық субсидиялардан айыру қаупін төндірді:
– Илон тарихтағы кез келген адамнан артық субсидия алған болуы мүмкін. Егер бұл субсидиялар болмаса, оған дүкенін жауып, Оңтүстік Африкаға оралуға тура келер еді. Ешқандай зымыран, спутник, не электромобиль өндірісі қалмайды. Ел қазынасы да орасан зор қаражатты үнемдер еді, – деп жазды Трамп әлеуметтік желілерде.
Трамп мемлекеттік басқару тиімділігі департаментіне SpaceX пен Tesla сияқты компанияларға берілетін субсидияларды мұқият тексеруді тапсырды.
Бұған дейін Ақ үйдегі Трамптың бұрынғы аға кеңесшісі Стив Бэннон Маскпен арада туындаған жанжалдан кейін оған қатысты тергеу жүргізуді және барлық мемлекеттік келісімшарттарды жоюды талап еткен болатын.
Илон Маск Трамптан кешірім сұрады.